БҚО колледждерінде тексеру: 8 млн теңге заңсыз жұмсалған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өңірдегі 29 колледжді тексеру кезінде 8 млн астам теңгенің орынсыз жұмсалғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, студенттерді жатақханамен қамтамасыз етпеу, сабақты дұрыс жүргізбеу, қаражатты негізсіз жұмсау секілді деректер белгілі болды.

Алты колледжде (Орал ақпараттық-технологиялық, Орал политехникалық, Батыс Қазақстан индустриалдық, Ақсай техникалық, Экономика және ақпараттық технологиялар, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледждері) басқа қаладан келіп оқитын студенттерге арналған жатақханалардың жоқтығы анықталды, ал бұл мемлекеттік тапсырысты алу үшін міндетті шарт болып есептеледі.

Ақсай техникалық колледжі контингентті негізсіз 116 адамға көбейтіп, бюджеттен 3 млн теңгені заңсыз алған. Қаражатты алу үшін оқудан шығарылған және бітіріп кеткендер жалпы тізімге әдейі енгізілген.

Бөкей ордасы, Жалпақтал, Қаратөбе, Теректі, Сырым және Шыңғырлау аудандарының колледждерінде сабаққа қатыспай, әр жерде жұмыс жасағандарға шәкіртақы төленген. Мысалы, С. есімді студент 2016-2017 жылдары Теректі колледжінде оқи тұра, Шыңғырлау ауданының ветеринариялық стансасында тұрақты жұмыс жасаған. Соған қарамастан, ай сайынғы шәкіртақысын алып тұрған.

Сонымен қатар барлық жерде жұмыспен қамтамасыз етілген түлектер саны жасанды түрде арттырылған. Атап айтқанда, Жалпақтал колледжінде 2017 жылы жұмысқа орналасу көрсеткіші 92 пайызды құраған. Шын мәнісінде бұл 48 пайыз болған, себебі 41 түлек жұмысқа орналасқаны жөнінде өтірік мәлімет тапсырған.

Орал қаласы газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің кейбір студенттеріне оқу журналына белгі қойылғанымен, олар сол күндері шетелде болған.

Тасқала ауданының колледжінде басқа жерден келіп оқитын студенттерге жазғы және қысқы мерзімде жеңілдікпен жол жүруіне қарастырылған 75 мың теңге берілмей, құқықтары бұзылған.

Прокурорлық тексеріс нәтижесінде бюджетке барлығы 8 млн астам қаражат қайтарылып, 72 лауазымды қызметкер жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар
telegram