БҚО құрамасының жаттықтырушысы: Қазақстанда бокс өте қатты дамыған, бәсекелестік жоғары

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Олимпиада ойындарында топ жару – басты мақсатымыз. Бокстан ересектер арасында БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы, Орал қаласындағы оқушылар және жастар сарайы спорт бөлімінің басшысы, Даниял Сәбиттің жеке бапкері Саттар Сұлтанғалиев ҚазАқпарат тілшісіне өз ой-толғамын осылайша білдірді.
None
None

-Саттар Аманқосұлы, жуырда ғана төрткүл дүниенің назарын аударған Токио Олимпиадасы мәреге жеткені белгілі. Осы айтулы додадан бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет алтын жүлдесіз қайтты. Білікті бапкер ретінде мұның сыры неде деп ойлайсыз?

-Иә, осыған дейін қазақстандық боксшылар алтынсыз келмеп еді. Қос қола медаль, әрине, аз. Осы орайда елдің талап қоюы өте дұрыс. Дегенмен мына жағдайды да ескеруіміз керек. Қазақстанда бокс өте қатты дамыған, бәсекелестік жоғары. Жалпы, әлемді алып қарағанда, мұндай жайт болып тұрады. Мысалы, Кеңес дәуірінен бері шашасына шаң жұқпай, доданың алдын бермеген Куба боксшылары Бейжің Олимпиадасында алтынсыз қалды. Содан кейін қайтадан көтеріліп, көш басына шықты. Яғни қай сала болмасын әр нәрсенің де шарықтау шегі болады, дағдарыс та болмай қалмайды. Бұл да бір табиғи заңдылық болар деп ойлаймын.

Қазіргі таңда шет елден мамандар шақырту керек деген секілді ұсыныстар айтылып жатыр, кінәлау да көп. Алайда мен Қазақстан боксшылары мен мамандарына сенемін. Намысты жігіттеріміз аз емес. Мысал керек пе, айтайын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері үш бірдей боксшымыз Олимпиадада ең үздік спортшыға берілетін Вэл Баркер кубогына ие болды. 1996 жылы Атлантада Василий Жиров, 2004 жылы Афиныда Бақтияр Артаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев жүлдегер атанды. Соңғы отыз жылда боксы қатты дамыған басқа бірде-бір ел мұндай табыс-жетістігімен мақтана алмайды.

-Өткен жылы ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігінде төл шәкіртіңіз Даниял Сәбит 18 жасында айды аспанға шығарып, чемпион атанды. Ақ Жайық жұртшылығы Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің орнын басатын ізбасары келді деп қуанды. Биыл ол Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Ендігі мақсаттарыңыз қандай?

-Даниял Сәбиттің жеке бапкері ретінде айтарым, басты мақсатымыз – Олимпиада ойындарына қатысу. «Арық айтып, семіз шығу» керек қой, ең бастысы, ел сенімін ақтау үшін бар күшімізді саламыз.

-Оралдағы Данияр Елеусінов атындағы бокс мектебінде қазір қанша бала жаттығуда, тағы кімдерден үміт күтесіз?

-Бұл бокс мектебінің ашылғанына төртінші жылға кетті. Содан бері жарқырап, міне, Даниял Сәбит шықты. Басқа да өсіп келе жатқан жасөспірім боксшылар бар. Негізі бокс мектебінде 800-ге жуық бала жаттығады. Қазір елді жайлаған індетке байланысты 500-дей жасөспірім келуде. Дегенмен алдағы уақытта қайтадан 800-ге жақындайды деп отырмыз. Келешекте облыстың, елдің намысын абыроймен қорғайтын боксшылар қалыптасады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде олардың арасында ел біріншілігінде, аймақтық чемпионаттарда орын алып, оқу-жаттығу жиындарына қатысып жүргендер бар. Мақсат – жеткіншек боксшыларды 18 жасқа дейін де, одан кейін де баптап, облыс командасын жасақтап, мықтыларын ел құрамасына іліктіру. Қорыта айтқанда, Данияр мен Даниялдың жолын қуатындар болашақта да шығуы үшін тынбай еңбектене беретін боламыз.


Соңғы жаңалықтар