БҚО мамандары өңірдегі менингит бойынша ахуал туралы айтты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында менингококк жұқпасы бойынша жағдай тұрақты. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде БҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО мамандары өңірдегі менингит бойынша ахуал туралы айтты

Оның айтуынша, 5 маусымға дейін облыста бұл ауру тіркелген жоқ.

Дегенмен өткен жылы 14 жасқа дейінгі үш балада менингококк жұқпасы кездесті, олардың бәрі де жазылды.

«Республика өңірлерінде аталған аурудың таралуына байланысты облыста менингококк жұқпасының алдын алу бағытында жоспар жасалды. Барлық тиісті мекемелерге ұсынымдар жіберіліп, шаралар жүргізу барысы бақылауға алынды», - деді Ж.Құрманов.

Брифингке қатысқан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова да менингококк жұқпасы ешкімде анықталмағанын, дегенмен тұрғындарға сақ болу керектігін ескертті.