БҚО музейінде ассамблея залы ашылды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Алғыс айту күніне орай кеше БҚО тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстанның полиэтностығының тарихы залы ашылды.
Ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен бастаған өңірдегі этномәдени бірлестіктер басшылары мен өкілдері, студент жастар қатысты.
Ассамблея залында қазақ, орыс, корей, әзербайжан, ұйғыр, татар, украин және басқа халықтардың ұлттық киімдері мен бұйымдары, мұрағат құжаттары, музыка аспаптары, көне кітаптар, барлығы 100-ден астам құнды жәдігерлер қойылған.
Корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пак Орал қаласында орнатылған «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің көшірме мүсінін музейге табыс етті.
Музей директоры Мирболат Ерсаевтың айтуынша, ассамблея залы тұрақты жұмыс жасап, жаңа жәдігерлермен толықтырылып тұратын болады.