БҚО-ның үш ауданында сайлаушылар дауыс беріп жатыр

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандарында сайлаушылар дауыс беруде, деп хабарлайды Kazinform.

Сайлау
Фото: Ұлпан Жакина

БҚО аумақтық сайлау комиссиясынан түскен мәліметке қарағанда, үш ауданда 28 884 сайлаушы бар.

Саяси науқанға құрамында 378 мүшесі бар 1 облыстық аумақтық, 3 аудандық аумақтық, 63 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылды.

Үш ауданның әрқайсысында аудан әкімі лауазымына 3 кандидаттан тіркелген.

Бөкей ордасы ауданында таңғы сағат 7.00-де 22 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады.

Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары сөз алып, өз міндеттерімен, комиссия мүшелерімен таныстырып, елең-алаңнан маңызды сайлауға жауапкершілік танытып келген ауыл тұрғындарына ризашылығын білдірді.

Аудан орталығы Сайқын ауылындағы N53 сайлау учаскесінде комиссия төрағасы Қуаныш Елемесов ауыл тұрғындарын мемлекет үшін маңызды сайлауға белсенділікпен қатысуға, ел тағдырына бейжай қарамай, азаматтық танытуға шақырды. Одан кейін сөз алған ардагер-ұстаз Сәрсенбай Қуанышалиев: "Жаңа Қазақстан" өздігінен жасала салмайды, мемлекет болашағына мейлінше жанашыр азаматтардың жауапкершілігі мен саналы белсенділігінен бастау алады», деді. Кәмелеттік жасқа толып, алғаш дауыс бергелі тұрған Алина Темірғалиева қатарластарын қалыс қалмауға үндеді.

Сайлау

Азаматтық белсенділігімен үлгі көрсеткен аға буын өкілдеріне, алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауын жасаған Алинаға естелік сыйлық берілді.

Аудан бойынша сайлаушылар тізімі жасақталып, 9 141 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскелерінің барлығы керекті құрал-жабдықтармен, интернет желісімен қамтылған. Сайқында №53, Бисенде №65, Хан ордасында №60 сайлау учаскесінде онлаин-сервис қарастырылған.

Мүмкіндігі шектеулі 366 сайлаушыға арнайы кабиналар жасақталды. Барлық учаскелерде атаулар брайл қарпімен жазылып, дактилді жолақ, шақыру қоңыраулары орнатылды.

Бөкей ордасындағы саййлаушылардың ең үлкені 97 жаста, ал 107 сайлаушы алғаш рет дауыс бермекші.

Облыстағы Қаратөбе, Тасқала аудандарында да сайлау қалыпты өтіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда үш ауданда 28 мыңнан астам сайлаушы тіркелгенін жазған болатынбыз.

Атыраудағы жағажайлар
Ұқсас жаңалықтар

Атыраудағы 3 жағажайды шомылу маусымына дайындауға 91 млн теңге бөлінді