БҚО-ның Ақжайық ауданында да жеңімпаздар форумы болып, онда жастар бас қосты
ОРАЛ. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент болып сайлануына орай БҚО-ның Ақжайық ауданы орталығында да жеңімпаздар форумы өткізіліп, онда негізінен жастар бас қосты.
Әсем безендірілген «Мерей» мәдени-демалыс орталығы халыққа лық толды. Сахна төріне «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық қоғамдық штаб төрағасы Салауат Аймұқашев, ардагерлер ұйымының төрағасы, аудандық штаб мүшесі Ғилаж Лұқпанов, №1 орта мектептің мұғалімі Ирина Калентьева, аудандық аурухана дәрігері Ғабит Оразов, балалар шығармашылығы орталығының психологы, «Жас өрен» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ботагөз Мұханбетова, аудандық кітапхана әдіскері Сағынтай Бисенғалиевтар шығып, ел қалауының әлем таныған Елбасы екендігін сүйсіне әңгімеледі.
Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішінде еліміздің тарихында орын алған оң өзгерістерге куәміз, деді олар. Денсаулық, білім беру саласы, жастарға қамқорлық сынды әлеуметтік мәселелер жыл сайын халық тілегіне сай шешілуде. Дүниежүзілік шаралар мен халықаралық спорт бәсекесінің отанына айналып отырған да - Қазақстан. Астана Саммитінің де тарихи таңбасы талай жылдарға жетер. Ару Астана әлемді тандандырған алып қалаға айналуда. Бастысы, ел тыныштығы екені анық. Барлық ел халқының жартысына жуығы өзге ұлт өкілдері болса да, бізде бір атаның баласындай татулық қалыптасқан. Сөйтіп, қазақ елі ел Президентін таңдауда жаңсақтық танытқан жоқ. Халық қалауы Н.Ә.Назарбаев болды.
Форумнан кейін аудан өнерпаздары концерт қойды.