БҚО-ның бірнеше ауданында далалық жерлер өртенді
БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен алынған мәліметке қарағанда, 14 қыркүйек күні сағат 12.52-де Зеленов ауданы Көшім және Үлкен Шаған ауылдарының маңында құрғақ шөптің жанып жатқаны жөнінде хабар түскен. Өрт сөндіруге 5 техника, 36 адам, сондай-ақ ерікті өрт жасақтары мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. «Тілсіз жау» бүгін сағат 09.29-да ауыздықталды.
Сол секілді кеше Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылы маңында 20 гектар жердегі тұрмыстық қалдықтар мен құрғақ шөп отқа оранды. Мұнда 4 техника, 22 адам өрт сөндіруге қатысқан.
14 қыркүйек күні Орал қаласы аумағындағы Желтау (Свистун гора) маңында жол жанындағы 2,5 га құрғақ шөп пен ішінара орман жалынға шарпылды. 15 қыркүйекке қараған түні сағат 00.33-те сөндірілген өртті ауыздықтауға 4 техника, 19 адам жұмылдырылды.
Сондай-ақ кеше Қазталов ауданы Жаңажол және Көктерек ауылдық округтерінде 367 га аумақта құрғақ шөп жанды. 4 техника, 21 адам қатысқан бұл өрт те сөндірілді.
Орал қаласында 14 қыркүйек күні «Резерв» МКК ауданында 5 га жердегі құрғақ шөп жанып, сөндірілді (2 техника, 12 адам).
Кеше кешкісін Бөрлі ауданы Пугачев ауылдық округтерінде 30 га жердегі құрғақ шөп пен ағаш бұталары отқа оранып, «тілсіз жауға» тойтарыс берілді (1 техника, 5 адам).
15 қыркүйекке қараған түні сағат 00.05-те Бөрлі ауданында Ақсай-Орынбор күре жолының 35-шақырымында 27 га және Приурал ауылы маңында 13 га құрғақ шөп жанып, 02.25-те сөндірілді (3 техника, 9 адам).
Бүгін сағат 06.25-те Бөрлі ауданы Пугачев ауылы мен Қараоба өзені маңында 20 гектар құрғақ шөп пен ағаш бұталары отқа шарпылып, 08-50-де сөндірілді (1 техника, 4 адам).
Еске сала кетейік, биыл өңірде дала өрттері жиілеп кетті. Соның салдарынан Қазталов пен Шыңғырлау аудандарында екі адам көз жұмған болатын.