БҚО-ның Казталов ауданында 16 ауылға газ тартылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Республика күніне орай үш ауылда көгілдір отын алауы жағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Казталов ауданы Жаңажол ауылдық округінің Әбіш, Көктерек округтеріне қарасты Еламан, Саралжын елді мекендеріне табиғи газ құбыры тартылды.
Аудан әкімі Рүстем Зұлқашевпен бірге көгілдір отын алауын жаққан Әбіш ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Амангелді Әмірешов газ құбырын тартқан «Әлия Сервис» ЖШС мен ішкі жұмыстарды жасаған «ГазГид» ЖШС өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ 9 үйі бар Еламан елді мекенінде Ұзақбай Қожантаев та Президент тапсырмасына сәйкес өңірде тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді. Ал Саралжында 56 үйдің 48-іне газ желісі тартылды.
Аудан басшысының айтуынша, 29 мыңнан астам тұрғын тұратын Казталовта барлығы 48 ауыл болса, соның 32-сі газбен қамтылған.
«Биыл 16 шағын елді мекенге газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. Соның үшеуіне көгілдір отын жетсе, 27-28 қазанда тағы бес ауылда осындай қуанышты рәсім болмақ. Қалған 8 ауылға қараша айында газ беріледі. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары негізінен аяқталып, абоненттердің құжаттарын реттеу, тиісті құрал-жабдықтар орнатып, газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңында аудан тұрғындары түгелдей табиғи газбен қамтылатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Р.Зұлқашев.

