БҚО-ның Қазталов ауданында жолды су басты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстанның Қазталов ауданында жолды су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінен алынған мәліметке қарағанда, кеше сағат 21.30-да жергілікті маңызы бар Қазталов-Қошанкөл жолының 35-шақырымында су басқаны жөнінде хабар түскен. Қардың еруінен әрі су өткізгіш құбырдың жоқтығынан жолдың үстіне шыққан судың ені 20 метр де, биіктігі - 15-20 см.
Су басуына байланысты жол жабылып, ескерту белгілері қойылған. Оқиға орнында жергілікті атқарушы органдардан 16 қызметкер мен 4 техника, жергілікті полиция қызметінің екі қызметкері мен қос техникасы жұмыс жасауда. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ.
Аудан әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, аталмыш жолды бүгін кешке ашу көзделуде. Алдыңғы күні Тереңкөл бағытындағы жолда да осындай жағдай орын алған еді. Қазір ол бағытта қатынас бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 28 наурыз күні Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округі аумағында Чапаев-Жаңақала-Сайқын, 2 сәуір күні Қаратөбе ауданында Қаратөбе-Қарақамыс жолының үстіне су шығып кеткенін жазған болатынбыз.