БҚО-ның Зеленов ауданында мемлекеттік бюджетке 6,7 млрд. теңге жиналды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданында өткен жылдың 1 желтоқсанына дейін негізгі қаржыға қосылған инвестиция 95,6 млрд. теңгеге жетіп, алдыңғы жылғыдан 24,7 пайызға асып түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО-ның Зеленов ауданында мемлекеттік бюджетке 6,7 млрд. теңге жиналды

Аудан әкімі Кәрім Жақыповтың айтуынша, соның ішінде республикалық бюджет есебінен 3,6 млрд. теңге түссе, бұл 2,9 есеге артық. Жергілікті бюджет есебінен 213,8 млн. теңге құйылып, бұл да 1,6 есеге артты. Өзіндік қаржы есебінен 87,3 млрд. теңге қосылып, бұл 1,5 есеге көбейді.

Мемлекеттік бюджетке 6,7 млрд. теңге жиналып, өсім 2,7 есеге жетсе, соның ішінде аудандық қазынаға 1,9 млрд. теңге түсті, бұл алдыңғы жылғыдан 24,7 пайызға көп. Республикалық бюджетке 2,2 млрд. теңге (өсім - 3,3 есе), облыстық қазынаға 2,6 млрд. теңге (өсім - сегіз есе) аударылды.

«Әсіресе, өткен жылы егін бітік шығып, өңір тұрғындарын қуантты. Облыста ең астықты аудан саналатын Зеленовта 201 мың га егістіктен 210,9 мың тонна өнім алынып, орташа өнім әр гектарына 17 центнерден келді. Соның ішінде күздік бидайдан рекордтық өнім (32,5 центнер) алынды. Кейбір шаруашылықтарда 52 центнерге дейін жетті. Биылғы егіннен де үміт бар. 2016 жылы 41 мың гектар алқапқа күздік бидай себілді, бұл алдыңғы жылғыдан 10 мың гектарға артық», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне К.Жақыпов.

Айта кетейік, облыстық статистика департаментінен түскен мәліметке қарағанда, өткен жылдың он бір айында облыстағы инвестиция көлемі 340,2 млрд. теңгеге жетіп, алдыңғы жылғыдан 17,7 пайызға көбейді.