БҚО өндірушілері мен мұнай-газ операторлары әріптестікті нығайтты

ОРАЛ. KAZINFORM — 15 қазанда Орал қаласында Мұнай-газ машина жасау форумы және Операторлардың ашық есік күні аясында Батыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарына танысу сапарлары ұйымдастырылды. 

Батыс Қазақстан облысының өндірістік кәсіпорындарымен танысу
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігі

Қатысушылар «УральскАгроРемМаш» АҚ, «West Oil Engineering Company» ЖШС және «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ өндірістік алаңдарына барып, кәсіпорындардың өндірістік қуаттары мен өңірдегі өнеркәсіптік әлеуетімен танысты.

Батыс Қазақстан облысының өндірістік кәсіпорындарымен танысу
Фото: БҚО әкімдігі

Делегацияны Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Ерлан Есенәлиұлы Ақбаров бастап барды.

Батыс Қазақстан облысының өндірістік кәсіпорындарымен танысу
Фото: БҚО әкімдігі

Сапарға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығы, «PSA» ЖШС уәкілетті органының өкілдері, сондай-ақ ірі мұнай-газ операторларының басшылары қатысты. Олардың қатарында «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Уильям Лакоби, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» бас директоры Марко Марсили, NCOC N.V. басқарушы директорының орынбасары Жандос Оразалиев, сондай ақ IMBC Бас директоры Дастан Әбішев болды.

Батыс Қазақстан облысының өндірістік кәсіпорындарымен танысу
Фото: БҚО әкімдігі

Аталған зауыттар мұнай-газ саласына арналған өлшеу, есепке алу және автоматтандыру жүйелерін, автоцистерналарды, өрт сөндіру техникасын, металл конструкцияларын, сондай-ақ мұнай-газ саласында сұранысқа ие ірі мұнай-газ және энергетикалық жабдықтарды өндіреді.

Батыс Қазақстан облысының өндірістік кәсіпорындарымен танысу
Фото: БҚО әкімдігі

Кездесулер барысында зауыттардың технологиялық мүмкіндіктері таныстырылып, өндірістік әлеуетті арттыру және ірі мұнай-газ жобаларының операторларымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Батыс Қазақстан облысының өндірістік кәсіпорындарымен танысу
Фото: Kazinform

Сапардың ұйымдастырылуы Батыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңір ретіндегі маңыздылығын айқындап, мемлекеттік органдар, отандық өндірушілер және ірі мұнай-газ операторлары арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға ықпал етті.