БҚО палуандары «Қазақ батырлары» республикалық турнирінде жүлдегер атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының шәкірттері Алматы облысы Алакөл ауданы Лепсі ауылында грек-рим күресінен даңқты палуан, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақ батырлары» екінші республикалық турнирінде сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталмыш мектептен түскен мәліметке қарағанда, Досжан Өтепқалиев 54 кг салмақта күміс жүлдегер атанса, Дәулет Фрунзиев (33 кг), Мирланбек Амангелдиев (46 кг), Санжар Лекеров (58 кг) үшінші орынға көтерілді. Сонымен қатар Елжас Самиғоллин «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен марапатталды. Спортшыларды кезінде өзі де күресіп, грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионы атанған Артур Үмбетқалиев баптап апарды.
Айта кетейік, аталмыш турнирге еліміз өңірлерінен 160-қа жуық жас палуан қатысты.