БҚО полицейлеріне 100-ге жуық жаңа автокөліктің кілті тапсырылды

БҚО
Фото: БҚО полиция департаменті

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлеріне 100-ге жуық жаңа автокөліктің кілті тапсырылды, деп хабарлайды Kazinform.

Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев мемлекет тарапынан полиция құрылымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында көптеген жұмыс қолға алынғанын атап өтті.

«Тәуелсіздік күні қарсаңында полиция қызметкерлеріне жаңа автокөліктердің кілтін тапсырып отырмыз. Биылдың өзінде БҚО полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға 5,7 млрд теңге бөлінді. Жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге 148 қызметтік автокөлік сатып алынды. 685 млн теңгеге «Призма-Stos» жүйесінің 21 жылдамдық өлшегіші орнатылды. Планшеттер мен жылжымалы термопринтерлер, көші-қон қызметіне арналған мобильді биометриялық терминал секілді жабдықтар алынды. Жаңа үлгідегі киім-кешекпен барлық жеке құрам қамтамасыз етілді. Осыдан-ақ жергілікті тәртіп сақшыларын қолдау бағытында атқарылып жатқан істерді көруге болады. Ел іргесі бүтін, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!», - деді өңір басшысы. 

Полицейлерге берілген көліктер қатарында өтімділігі жоғары қуатты квадроциклдер, «Кибер-Шериф» жүйесімен жабдықталған «Киа Церато» автомобильдері бар. Бұл жол қозғалысы барысында жылдамдықты бақылап, көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілерді, сондай-ақ техникалық байқаудан өтпеген, сақтандыру полисі жоқ көлік құралдарын анықтауға мүмкіндік береді. 

БҚО
Фото: БҚО полиция департаменті

БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің айтуынша, патрульдік полиция автопаркі жаңа 96 машинамен толықтырылды. 

«Бүгіннен бастап үш жаңа «Кибер-Шериф» автокөлігі қызметке кіріседі. Алдағы жылы тағы осындай 17 автокөлік сатып алу көзделуде. Жаңа жабдық жол ережесін бұзушыларды жедел анықтап, шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 1 млрд-тай теңге айыппұл салынып, бюджетке өндірілді. Соның ішінде Ақсай қаласында орнатылған жаңа бейнекамералардың көмегімен 23 қарашадан бері 1 700-дей түрлі құқықбұзушылық анықталып, 43 млн астам теңге айыппұл салынды», - деді А.Оразалиев. 

Соңғы жаңалықтар