БҚО: шағын бизнес субъектілеріне инфрақұрылымы дайын жер телімдері беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында өндіріс орындарын ашуға мүмкіндігі жоқ шағын бизнес субъектілеріне инфрақұрылымы дайын жер телімдерін ұсынатын өнеркәсіптік аймақ құрылысы қолға алынды. Бұл туралы өңір әкімі Нариман Төреғалиев мәлім етті.
«Облыстағы 58 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерінде 130 мың адам жұмыс істеуде. Жыл ішінде осы салада 1,2 трлн теңгенің өнімі шығарылды. Шағын және орта бизнесті дамытуға биыл 22 млрд теңге бөлініп, 3 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілуде», - деді Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің мәлімдеуінше, өңірдегі индустриялық аймақта құны 14,9 млрд теңге болатын 5 инвестициялық жоба іске асып жатыр.
«Сонымен қатар жалпы көлемі 2,8 гектар жер телімінде («М-4» ЖШС компаниясы) шағын өнеркәсіптік аймақ құрылысы да қолға алынуда. Шағын өнеркәсіптік аймақ алаңында мүмкіндіктері жоқ шағын бизнес субъектілеріне жаңа өндіріс орындарын ашу үшін инфрақұрылымдары дайын жер телімдері ұсынылатын болады. Бұл шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау», - дейді өңір басшысы.
Айта кетсек, Батыс Қазақстан облысында ауылға еңбек етуге баратын мамандардың көтерме ақысы артты.
Бұған дейін аталған өңірде үш жылдың ішінде 620 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғаны туралы хабарлаған едік.
Сондай-ақ облыс басшысы Орал қаласында 1 мың орындық спорт кешені пайдалануға берілетінін мәлімдеді.