БҚО: Соңғы аптада қызылшамен ауырғандар саны көбейіп кетті

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері қызылшамен ауырғандар саны 560 адамға жетті.

Қызылша
Фото: Астана әкімдігі

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 1-17 наурыз аралығында 162 адам қызылшаға шалдыққан.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, өткен аптада 74 адамның ауырғаны расталды, бұл алдыңғы аптамен (65) салыстырғанда, 9 жағдайға артық.

Аурушаңдылық Орал қаласына қоса облыстың барлық аудандарында тіркелуде.

Жыл басынан бері сырқаттанғандардың 30 пайызы (166) – 1-4 жастағылар, 28 пайызы (155) – 30-дан асқандар, 20 пайызы (110) – 1 жасқа дейінгілер, 8 пайызы (41) – 5-9, 7 пайызы (36) – 20-29, 6 пайызы (30) – 15-19, 4 пайызы (22) – 10-14 жастағылар.

Н.Мұстаевтың айтуынша, ауырғандардың 152-сі (28 пайызы) – ата-аналары екпеден бас тартқандар, 192-сі (35 пайызы) – егу туралы мәліметі белгісіз ересектер, 110-ы (20 пайызы) – екпе жасына жетпегендер (1 жасқа дейінгілер), 50-і (9 пайызы) – медициналық қарама-қарсы көрсеткіштер бойынша екпе алмағандар.

Қызылша пневмония, отит, энцефалит, менингоэнцефалитке ұласуы, медициналық көмекке кеш жүгінген кезде осы асқынулар өлімге де әкелуі мүмкін.

Қосымша жаппай иммундау аясында облыста 44 169 бала екпе алды.

«Балалар арасында жиі кездесетін көкжөтелге де тоқталып кеткім келеді. Жыл басынан бері 1 жасқа дейінгі 6 баланың осы дертке шалдыққаны тіркелді. Көкжөтелдің де алдын алудың жалғыз жолы – вакцинация. Көкжөтелден барынша қорғану үшін балаларға 5 екпе алу қажет, оның ішінде 2 айдан бастап 1 ай аралығымен 3 екпе, содан кейін бірінші ревакцинация 1,5 жаста, екінші ревакцинация 6 жаста жүргізіледі. Сондықтан ата-аналарға айтарымыз: қызылша мен көкжөтелге қарсы екпесі жоқ балалар тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға барып, екпе алуы қажет», - деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны 200-ден асып кеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар