БҚО соттары электронды сот ісін жүргізуге көшуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 20 қыркүйектен бастап БҚО соттарына «Электронды қылмыстық іс» пилоттық жобасы енгізілмек. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында БҚО сотының төрағасы Бек Әметов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО соттары электронды сот ісін жүргізуге көшуде

Брифингте Б.Әметовтің атап өткеніндей, қазіргі таңда электронды үкімет құру мемлекеттің аса маңызды тапсырмаларының бірі болып отыр. Осыған орай сот жүйесі де биліктің бір тармағы ретінде электронды құжат айналымын енгізу арқылы электронды сот ісін жүргізуге біртіндеп көшуге бет бұрды. Сот жүйесіндегі ақпараттық технологиялар сот төрелігінің тиімділігін арттырып, іс жүргізудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, азаматтардың сотқа сенімділігін нығайтатыны анық. Мысалы, қазірдің өзінде ақпараттық технологияны қолдана отырып, арызды беру және тіркеу сатысынан бастап заңды күшіне енген сот бұйрығын орындауға жолдауға дейінгі азаматтық істердің жаңа тәртіпте қаралуы қағазбастылықты қысқартуға, сот жүйесіндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Биылғы 17 шілдеден бері облыс соттары 1028 арыздың электронды нұсқада қаралуын қамтамасыз етті.

Сонымен қатар 20 қыркүйектен бастап «Электронды қылмыстық іс» жобасымен бірге «Жазаны тағайындау» пилоттық талдау қызметінің енгізілуі қылмыстық іс жүргізудің ашықтығын арттырып, қағаз жүзіндегі құжат айналымына кететін шығынды кемітеді.

Сол секілді Жоғарғы Сот Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан пилоттық жоба аясында электронды сот ісін дамыту мен сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру мақсатында Орал қаласының №2 соты мен мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшелері ашылды. Онда азаматтарға электронды санды қолтаңба беру және сот органдарының электронды қызметіне қол жеткізетін мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Сот тарапынан «Сот кабинеті» арқылы электронды арыздарды жолдау және электронды қызметке байланысты басқа да көмектер көрсетілуде. БҚО соттарында «Сот кабинеті» қызметі іске қосылғаннан бері 2 200 106 арыз келіп түскен.