БҚО сотында кадрлық өзгерістер болды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін БҚО сотының отырысы болып, онда қызметін доғарған судьяларға алғыс айтылып, жаңадан тағайындалғандар таныстырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, отырыста облыстық сот төрағасы Бек Әметов Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 14 маусымдағы №499 Жарлығымен Батыс Қазақстан облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Тельман Шамауұлы Ибрашевтің құрметті доғарысқа шыққанын, Орал қаласы №2 сотының судьясы Сергей Евгеньевич Сергеевтің өз еркімен жұмыстан кетуіне байланысты лауазымынан босатылғанын хабарлады. Тельман Ибрашев 1987 жылы ҚазМУ-ді бітіргеннен кейін отыз жыл бойы облыс соттарында еңбек етті. С.Сергеев 1978 жылдан заңгер, 1994 жылдан прокуратурада, 2005 жылдан Орал қаласы №2 сотының судьясы қызметін атқарды. Олардың екеуіне де көп жылғы жемісті жұмыстары үшін алғыс айтылды.
БҚО сотының төрағасы Б.Әметов сонымен бірге бұдан бұрын Қызылорда облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болған, БҚО соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының жаңа төрағасы Қайрат Төлепбергенұлы Адрановты, осыған дейін Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы лауазымын атқарған, БҚО соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Марат Ақанұлы Жұмағұловты, бұрын Сырым аудандық сотының төрағасы лауазымын атқарған, Бөрлі аудандық сотының жаңа төрағасы Гамал Марсельұлы Құлмұхановты, бұрын Қазталов аудандық №2 сотының төрағасы қызметін атқарған, Орал қалалық№2 сотының жаңа төрағасы Азамат Жұмаұлы Бурамбаевты, бұрын Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы қызметін атқарған, Зеленов аудандық сотының төрайымы Роза Есболсынқызы Сариеваны таныстырды. Сол секілді Орал қалалық №2 сотының судьясы лауазымдарына бұрын Ақжайық аудандық сотының судьясы лауазымын атқарған Софья Константиновна Ахмерова және Ақтөбе қалалық сотының судьясы қызмет атқарған Гүлдана Ибрайқызы Суханованың тағайындалғанын жеткізді.
Отырыс барысында БҚО бойынша соттар әкімшісінің жаңа басшысы Нұрлан Еркінұлы Қажғанов та таныстырылды.
Отырысқа қатысқан облыс әкімінің міндетін атқарушы Арман Өтеғұлов жаңадан тағайындалғандарды құттықтап, сот жүйесін, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту ісіне қосқан үлестері үшін судьяларға алғысын білдірді.