БҚО су тасқынының екінші кезеңіне дайындалып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғалы 13 159 адам эвакуацияланды, оның ішінде 7 мыңнан астамы ересек азаматтар болса, 6 мыңға жуығы балалар. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Тәткен айтты. 

Батыс қазақстан облысы
Фото: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі

Бүгінгі таңда облыс бойынша 17 эвакуациялық пунктке 1 701 адам орналасты. Оларға қажетті заттар мен азық-түліктер уақытылы жеткізіліп жатыр. 

«Қазіргі уақытта су тасқынының екінші кезеңіне дайындық жүргізілуде. Жағдай әлі де күрделі болып қалуда. Себебі, Ресейдің Орынбор облысынан келе жатқан сулар 17-19 сәуірде облысқа келеді деген болжам бар. Қазіргі кезде Жайық өзеніндегі су деңгейі 759 см құрады. Яғни, қауіпті деңгейге жетіп қалды, ол 850 см құрайды. Осыған байланысты 80 км жуық бөгет тұрғызылып, Жайық өзенінің жағасы барынша нығайтылуда. Қазіргі уақытта Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласын су басу қаупі бар», - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингіде.

Оның айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Жергілікті бюджет есебінен біржолғы әлеуметтік көмек беріліп жатыр. Бүгінгі таңда 677 отбасыға 125 млн теңге қаржы төленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

Сондай-ақ қайырымдылық қорлар, кәсіпкерлер, жеке тұлғалар тарапынан 279 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек көрсетілді.