БҚО тарихи-өлкетану мұражайында «Көктем өрнектері» көрмесі ұйымдастырылды

ОРАЛ. 9 наурыз. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күніне орай БҚО тарихи-өлкетану мұражайында «Көктем өрнектері» көрмесі ұйымдастырылды.

БҚО тарихи-өлкетану мұражайында «Көктем өрнектері» көрмесі ұйымдастырылды

Онда негізінен ХІХ және ХХ ғасыр басында әйелдер тұтынған түрлі бұйымдар қойылған.

Мұражайдың көрме залында 50-ден астам айна, орамал, дастархан, көйлек сынды бұйымдарға орын берілген. Көрмеде өңірдің танымал адамдары сыйға берген тарту-таралғылар да бар. Мәселен, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко орынборлық түбіт орамалды сыйласа, белгілі сәнгер Ақкенже Девятко Париж сән апталығында көрсетілген көйлекті тарту еткен. Сонымен қатар екінші қабаттың холында әйел суретшілердің түрлі халықаралық байқауларда атап өтілген туындылары қойылған.

Мұражайдың бас қор сақтаушысы Марина Мырзағалиеваның сөзіне қарағанда, қорда тарихи мәнге ие 100 мыңнан астам бұйым бар. Көрме залы экспонаттары ай сайын жаңартылып отырады.