БҚО: Тасқала ауданында су деңгейі көтерілуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне сәйкес Тасқала ауданында су деңгейі көтерілу үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО: Тасқала ауданында су деңгейі көтерілуде

10 сәуір күні сағат 20.00-де 2-Шежін ауылындағы судың деңгейі қауіпті шектен асып, 753 сантиметрге жетті. Қауіпті деңгей - 730-750 см.
Деркөл-Тасқала гидробекетінде су деңгейі 495 сантиметрді көрсетті. Қауіпті деңгей - 500 см.

Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті тағы да ескерту жариялап, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында шаралар қолға алынып жатқандығын хабарлады.

Тасқала ауданы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, 10 сәуір күні осында БҚО ТЖ департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев келіп, Деркөл өзені бойындағы бірнеше қауіпті аймақты аралап, судың көтерілу деңгейін, ағу бағытын бақылады.
Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев те қазіргі кезде жағдайдың бақылауда екендігін жеткізді.

Еске сала кетейік, Тасқала ауылы тұсында судың қауіпті деңгейге жақындағаны туралы бұдан бұрын да ескерту жарияланған болатын.