01:42, 23 Ақпан 2016 | GMT +5
БҚО: Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Шежірелі Шыңғырлау» атты ақындар айтысы өтті (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шыңғырлау ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Шежірелі Шыңғырлау» атты облыстық ақындар айтысында «Жайық Пресс» ЖШС филиалы Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы бас жүлдені жеңіп алды.

Бауыржан алғашқы айналымда Ақжайық ауданының ақыны Айнабек Бисенғалиевпен айтысса, финалда халықаралық, республикалық айтыстарда топ жарып, бәйге алып жүрген белгілі айтыскер Жансая Мусинамен әдемі сөз қағыстыра білді. Бұл ретте Бауыржанның тіл көркемдігі, өлке тарихын жете білетіні ескерілді.
Айтыс қорытындысында Ж.Мусина - бірінші, теректілік Эльдар Иқсанов - екінші, оралдық Талғат Мықи үшінші жүлдені иеленді.
Ақындарды аудан әкімі Алдияр Халелов құттықтап, Шыңғырлау жеріне келіп, елдік пен ерлікті жырлап, қазақ жырының мәртебесін көтергені үшін ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, өткен жылы да жас ақын Б.Ширмединұлы облыстық айтыста бас жүлдені иеленіп, республикалық додаларға қосылып үлгерген болатын.