БҚО: Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «100 нақты көмек» жобасы жүзеге асырылмақ (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 150 мыңға жуық жастар тұрады, бұл - өңір халқының 24,7 пайызы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Азамат Айтуев мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, соның ішінде жастардың тең жартысына жуығы Орал қаласын мекендейді. Өңірдегі 9 ЖОО-да 22 мыңнан астам, 38 техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде 20 мыңнан астам жастар білім алуда. «Мәңгілік ел жастары индустрияға!» әлеуметтік жобасына сәйкес 960 студент оқып жүр.

Облыста 88 жастар ұйымы болса, соның 63-і Оралда, қалған 25-і аудандарда. Сондай-ақ 47 жастар ісі комитеттері де өз қызметтерін атқаруда.

Өңірде еш жерде жұмыс жасамайтын және оқымайтын жастар саны 3 пайызды құрайды. Биыл мұны 2,6 пайызға дейін төмендету көзделуде. Бұл - республикадағы төмен көрсеткіш.

Облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды жұмыспен қамту бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 2015 жылы жұмыспен қамту орталықтары арқылы 5583 жас өз орнын тапты. 822 түлек кәсіби білім-білігін жетілдірсе, 2904 жас қоғамдық жұмысқа жолданды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына сәйкес 818 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы, соңғы төрт жылда бағдарламаға 5 мыңнан астам адам қатысып, соның мыңға жуығы жұмысқа орналастырылды.

«Дипломмен ауылға» жобасына сәйкес 2015 жылы 448 маман ауылдық жерлерге аттанды.

Облыста Астанада 2017 жылы өтетін «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстары жүргізілуде. ЖОО-лармен, білім беру мекемелерімен бірлескен кешенді шаралар нәтижесінде облыстан 107 ерікті іріктеліп, «Астана EXPO» Ұлттық компаниясы» АҚ-на жолданды.

Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай көптеген шаралар жоспарлануда.

Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Кенесары Нұршиновтің сөзіне қарағанда, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «100 нақты көмек» жобасы жүзеге асырылуда. Ақпан айынан басталып, жыл бойы жалғасатын жоба бойынша NEET жастары (еш жерде оқымайтын және жұмыс жасамайтындар), маргиналды жастар, мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға, кем дегенде, 100 адамға нақты көмек көрсетілетін болады.

«БҚО жастар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ермек Мұхамбетқалиевтің баян еткеніндей, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 игі іс» аясында жүзге жуық қайырымдылық және басқа шаралар ұйымдастырылатын болады.

2
3
4

Соңғы жаңалықтар