БҚО театрында «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы сахналанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында белгілі жазушы-драматург Сәкен Жүнісовтің шығармасы бойынша қойылған «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы сахналанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО театрында «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы сахналанды

Спектальді қойған театрдың бас режиссері міндетін атқарушы Самал Әбуов болса, суретшісі - Мұрат Мәмбетов.



Оқиғаның негізгі желісі ауылда өтеді. Астанадағы фестивальға қатысу үшін қыздар ансамблін құру керек болады. Оның жетекшісі мал дәрігері Жұмат (әртіс Асылжан Жакин) болса, ауылда қыздар жетіспегендіктен, полиция қызметкері Алтынбекке (Райымбек Ермек) Алтын атанып, «қысылғаннан қыз болуға» тура келеді. Тіпті жасы біразға келіп қалған аспаз Сәбира (Эльмира Мақашева) да ансамбльге қосылады. Ауыл әкімі Ыбырай (Дулат Хамитов) қыздардың абырой биігінен көрінуі үшін ансамбль мүшелерінің сәбилерін бағуға бейіл. Көрермендерді күлкіге бөлеп, бірте-бірте ширай түсетін оқиға барысында қалалық композитор, фестивальдің қазылар алқасының мүшесі, анасының айтуымен енді үйленгелі жүрген Едіге-Эдик (Ринат Сабырғалиев) қыз болып киінген Алтынбекке ғашық болып қалады. Спектакль қыздар ансамблінің фестиваль жеңімпазы атануымен аяқталады.

«Пьеса өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жарық көрген. Ертеректе жиі сахналанғанмен, соңғы кезде қойылмай кеткен еді. Оның үстіне шығарма кеңес дәуірінде жазылғандықтан, Алматыны Астана, кеңшар директорын ауыл әкімі деп өзгертуге тура келді. Жалпы, спектакльді қоюдағы мақсат - «Рухани жаңғыру» аясында «Ел іші - өнер кеніші» екендігін, таланттардың ауылда өсіп-өнетіндігін көрсету. Қарапайым мамандық иелерінің арасында талаптылар аз емес. Олардың өнерін тек ұштай білу керек. Жалпы, әркім өзінің алдына биік мақсат қойса, оған жете алады. Мұны, әсіресе, жастар біле жүрсе, артық болмайды. Қойылымда театр актерлары қос құрамда ойнайды», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне режиссер Самал Әбуов.



Премьераны тамашалаған С.Әбуовтің ұстазы, сала ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Айман Қуатова шәкіртінің режиссер ретіндегі шеберлік деңгейі өсіп келе жатқандығын жеткізді.