БҚО тұрғыны сапасыз онлайн-курс қаржысын сот арқылы қайтарып алды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының тұрғыны онлайн-курстың сапасыз болғанын білгеннен кейін сотқа жүгінді.
БҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, аталмыш тұрғын өткен жылдың 12 қыркүйегінде 12 айға есептелген, құны 389 990 теңге тұратын курсты сатып алған. Оны банк арқылы рәсімдеген.
Бес күннен кейін курстың талапқа сай еместігіне көзі жеткен тұрғын кәсіпкерлік нысанына келісім-шартты үзіп, қаржыны қайтару жөнінде шағым түсірген. Алайда компания ақшаны қайтару курсқа кіріскенге дейін мүмкін болатынын, қызметтің толық көлемде көрсетілгенін алға тартып, талапты орындаудан бас тартқан.
Бұдан кейін тұтынушы сотқа талап арыз берген, сот отырысына департамент үшінші тарап ретінде қатысқан.
Талап арызқа сәйкес онлайн-курс шартқа сай келмеген. Бірегей оқыту бағдарламасының орнына интернеттегі тегін материалдардың сілтемелері ұсынылған. Компанияның өз жүйесі мен тұғырнамасы жоқ болып шыққан.
- Орал қаласы № 2 сотының шешімімен тұтынушының талап арызы қанағаттандырылып, кәсіпкерлік нысанына онлайн-курс қаржысын толық көлемде қайтару міндеттелді. Әйтсе де бұған келіспеген курсты ұйымдастырушылар апелляциялық шағым түсірді. БҚО соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасы компания шағымын қанағаттандырудан бас тартып, шешімді күшінде қалдырды. Департамент тұтынушыларға онлайн-курсты таңдаған кезде мұқият болып, келісім-шартты үзу, қаржыны қайтару шарттарын біліп алу қажеттігін еске салады, - деді Э.Қиматова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда импорттық жұмыртқаны заңсыз сату деректері анықталғанын жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда кәсіпкердің сүт бағасын асырып сатқаны белгілі болды.