БҚО тұрғыны үйін апатты жағдайда деп тануды талап етті – әкімдік жауап берді
ОРАЛ. KAZINFORM – Теректі ауданы Подстепный ауылының тұрғыны Саид-Хусан Ахмаев суға кеткен үйін апатты жағдайда деп тануды талап етті.

Instagram әлеуметтік желісінде тұрғын мәлім еткеніндей, комиссия үйді сүру жөнінде қорытынды шығарған, алайда бұл акті жоғалып кеткен. Сол себепті ол осы жағдайды қайта қарап, үйін апатты деп тану туралы облыс әкімінен көмек сұрап, шағымданды.
Теректі ауданы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Подстепный ауылы Алашорда көшесі 7 және Комсомол 1-мекенжайында бір аулада екі тұрғын үй бар.
«Негізгі тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарына 1 млн 477 мың 466 теңге және мүліктік шығындарын өтеуге 417 мың теңге көлемінде қаражат төленді. Алашорда, 7 мекенжайында орналасқан үй техникалық бақылаудың сараптамалық қорытындысы негізінде жөндеуге жатады. Алайда аталған тұрғын үй иесі Саид-Хусан Ахмаев үйін апаттық жағдайда деп тануды талап етіп отыр. Қазіргі таңда комиссия шешімімен келіспеген жағдайда оның жоғары тұрған органға немесе сотқа жүгінуге құқығы бар. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Ерлан Амандықов үй иесіне түсіндірді», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда баспанасы суға кеткен саяжай тұрғындарына 62 үй берілгенін жазған болатынбыз.