БҚО тұрғынына 1,2 млн теңге несие рәсімдеген алаяқ сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында тұрғынның атына 1 млн 250 мың теңге несие рәсімдеген алаяқ сотталды.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Бөкей ордасы аудандық сотының үкімімен ақпараттық жүйені пайдаланушының сенімін теріс пайдалану жолымен интернет алаяқтығын жасаған облыс тұрғынына ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағына сәйкес 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза кесілді.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының жас балаларының бар екенін және қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген мүліктік залалдың ерікті түрде өтелгенін ескерген.
- Сотта анықталғанындай, алаяқ өзінің тұрмыстық қарыздарынан құтылу мақсатында «Teсhnodom», «Home Credit Bank», «Кaspi Bank», «Jusan Bank» мобильді қосымшаларын пайдаланған. Сол арқылы ақпараттық жүйені пайдаланатын облыс тұрғынын алдап, сеніміне кіріп, оның атына 1 млн 250 мың теңгеге несиелер рәсімдеп, мүліктік залал келтірген. Бөкей ордасы ауданының прокуратурасы алаяқтық қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көлікті мас күйде айдаған 160-тан астам жүргізуші сотталғанын жазған болатынбыз.