БҚО тұрғынынан 2 мыңға жуық литр заңсыз спирт өнімі тәркіленді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласы тұрғынынан тиісті құжаттары жоқ 2 мыңға жуық литр спирт өнімі тәркіленді.

спирт
Фото: БҚО полиция департаменті

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Оралда полиция қызметкерлері «Ssang Yong» автокөлігін тоқтатқан.

Қала тұрғыны айдаған автокөлік салонынан спирт құйылған сыйымдылығы 5 литрден 30 пластикалық бөтелке табылған. 

полиция, опер, күдікті
Фото: БҚО полиция департаменті

«Жүргізушінің үйін қараған кезде аулада тұрған «Нива» автокөлігінен тағы 40 пластикалық бөтелке шықты. Оған қоса үйден 299 бөтелке спирт табылды. Тиісті құжаттары жоқ барлығы 1 845 литр спирт өнімі тәркіленді. Оның құны кейін анықталатын болады. Оралдық тұрғынның облыс аумағында аталмыш өнімді заңсыз өткізумен айналысқаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция департаменті алкоголь және темекі өнімдерінің заңсыз айналымы азаматтардың денсаулығына қауіп төндіріп, уланып қалу және басқа зардаптарға соқтыруы мүмкін екендігін еске салады», — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы 5 жылда отбасылық-тұрмыстық қылмыстардың үш есеге өскенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар