БҚО тұрғындары мәжілісмендерден Жайық өзені арқылы автокөпір салуға көмек сұрады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары, қаржы және бюджет жөніндегі комитет төрайымы Гүлжан Қарағұсова, аталған комитет мүшелері Татьяна Яковлева, Аманжан Жамаловтың Ақжайық ауданы тұрғындарымен кездесуінде келелі мәселелер көтерілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Алдымен аудан әкімі Әділ Жоламанов ауыл-аймақтың қазіргі жай-күйіне, Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде орындалу барысына тоқталды.
Мәжіліс депутаттары Парламенттің заң шығарушылық қызметі, халықтың әл-ауқатын арттыру мен елдің экономикалық әлеуетін көтеруді көздейтін «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» және «Нұрлы жер» бағдарламалары туралы кеңінен әңгімелеп берді. Бұл ретте, өңірлерге бөлінген қаржыны өз орнымен және тиімді жұмсаудың маңыздылығын атап көрсетті.
Жиында ауыл тұрғындары да өз ұсыныс-тілектерін білдірді. Еңбек ардагері, көп жыл аудандық мәслихат хатшысы қызметін атқарған Дәулетжан Жақсыбаев талай спорт саңлағы түлеп ұшқан үлкен ауданда әлі күнге дейін заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жоқтығын тілге тиек етті.
Сол секілді аудан орталығы Чапаев ауылы тұсында Жайық өзені арқылы өтетін автокөпір салу мәселесі көптен айтылып келеді. Бұл нысан құрылысы қолға алынса, халықаралық маңызы бар Самара-Шымкент күре жолы кесіп өтетін Сырым ауданына қарай тіке жол ашылар еді. Оған қоса, Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-Жәнібек арқылы болашақта Ресейдің оңтүстік аймақтарымен де қарым-қатынасқа қолайлы болар еді.
Сол секілді «Таным» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының жетекшісі Құрман Бисеғалиев терроризм мен экстремизмнің алдын алудағы жұмыстарды ширата түсу қажеттігіне назар аударса, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асылбек Жаншин «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалға тұрғын үй берудің кейбір тұстарын әлі де нақтылай түсу керектігін айтты.
Мәжіліс депутаттары сапар барысында аудан аумағында іске қосылғанына көп бола қоймаған «Батыс Марқа Ламб» ЖШС-ның ет кешенінде болды.