БҚО тұрғыны бас үйітемін деп күйіп қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тұрғын қойдың басын үйітемін деп жүріп күйіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тұрғыны бас үйітемін деп күйіп қалды

БҚО Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 31 шілде күні сағат 20.10-да Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында болды.

Комсомол көшесі 62Б-мекенжайында тұратын 1956 жылғы тұрғын газ баллонының көмегімен қойдың басын үйіткен. Өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау салдарынан баллонның шлангісі шығып кетіп, ер адам 2-3 дәрежелі күйік жарақатын алған. Аяқтары, арқасы, кеудесі, беті күйген.

Денесінің 50 пайызын күйік шалған тұрғын қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, денесінің 50-55 пайызын күйік шалған ер адамның жағдайы ауыр. Дегенмен есін біледі, сұрақтарға жауап береді.