БҚО тұрғынынан 70-ке жуық киік мүйізі табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ер адам киіктерден кесіп алынған 68 мүйізді алып бара жатқан жерінен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР АШМ-нің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметке сілтеме жасап.
Ол өзінің Facebook парақшасында рейд жұмыстары барысында «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары 6 сәуір күні сағат 19-00-де «Қазталовка-Жәнібек» трассасының бойынан Жәнібек ауданының 26 жастағы ер азаматы басқарып бара жатқан «Фольксваген-Гольф» көлігін тоқтатқандығын жазды.
«Оның көлігін тексеру барысында киіктерден кесіп алынған 68 мүйіз табылды»,-деп хабарлады Сәкен Ділдахмет.
Аталған факті бойынша, Қазталов аудандық АІІБ ҚР ҚК-нің 339 бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.