БҚО: Жаңақала ауданында 8 отбасы үйлі болды
ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында 8 отбасы баспаналы болды.
"27 қыркүйек күні Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылы және Мұқыр елді мекенінде әлеуметтік осал топ санатындағы кезекте тұрған 8 отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды. Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Т.Каюпов келіп, тұрғын үй иелерін жаңа қоныстарымен құттықтай отырып, жылы лебізін білдірді" делінген хабарламада.

Жаңа үйлер «Тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес салынған болатын.

Жаңақазандағы 80 шаршы метрді құрайтын 4 пәтердің құны 77,48 млн теңге. Ол «Самұрық – Қазына ұлттық әл-ауқат қоры» арқылы сатып алынса, құны 35,9 млн. теңге құрайтын 2 пәтер республикалық бюджеттен сатып алынды.
Сондай-ақ, Мұқыр елді мекеніндегі 2 пәтер «Самұрық – Қазына ұлттық әл-ауқат қоры» арқылы 38,74 млн. теңгеге сатып алынды.