БҚО жолдары қашан жақсарады: Ұлттық орталық филиалы басшысымен сұхбат

None
Фото из личного архива Абылайхана Алшынбаева
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті жаңа Жолдауында автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиістігін айтты. «Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек», деп атап көрсетті. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры Абылайхан Алшынбаевпен сұхбаттасқан еді.

- Абылайхан Ерболұлы, сіздің ойыңызша, автокөлік жолдарының құрылысы неліктен ойдағыдай емес, не себепті жемқорлық белең алып отыр? Салада тамыр жайған кемшіліктерді жою бағытында не атқарылуы керек деп ойлайсыз?

- Иә, өкінішке қарай, ондай олқылықтар бар. Дегенмен, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, сапа орталығы бұған дейін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқару жүйесі» халықаралық стандарты бойынша сертификатын алды. Сонымен қатар кәсіпорынның 30 шақты қызметкері ISO 37001:2016 сәйкес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін әзірлеу» сертификаттарына ие болды. Жыл сайын осы келеңсіз құбылыстың себептері сараланып, жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасалады. Сонымен қатар оны түпкілікті жою, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыру бойынша да іс-шаралар өтіп тұрады. Зертханалық сынақтар цифрлық жүйеге көшіріледі. Жемқорлық тәуекелдері жоғары нысандар бейнебақылаумен қамтылады. Бұл да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған нақты қадамдардың бірі деп есептейміз.

- Ұзақ жылдар бойы айтылып, жазылып, әбден жауыр тақырыпқа айналған Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын автожолының құрылысы ұзаққа созылып кетті. Бұған байланысты Мемлекет басшысының арнайы тапсырма бергені мәлім. Биыл аталмыш жолдың астыңғы төсемін бітіріп, келесі жылы толық аяқтау көзделуде. Бұған байланысты не айтасыз?

- Иә, жиі сынға ұшырап жүрген Батыс Қазақстан өңіріндегі жол құрылысына, оның сапасына қатысты мәселе өзекті екені рас. Дегенмен, дәл қазіргі уақытта республикалық маңызға ие Өнеге-Бисен-Сайқын автожолының құрылысы жүріп жатыр. Өзіңіз айтқандай, биыл төменгі төсемін толықтай аяқтау көзделген. Келесі жылы құрылыс жұмыстары аяқталады. Бұл бағытта 245 шақырымның 185 шақырымы жаңа асфальтпен қамтылды. 60 шақырым қалды.

- Бұл жұмыстарға жеткілікті қаражат бөлінді ме?

- «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ мәліметіне сүйенсек, екі жоба бойынша биыл 31,5 млрд тенге бөлінген. Су өткізгіш құбырлар мен көпірлердің құрылысы 85 пайыз аяқталды. Мал айдау өткелдерін салу жұмыстары толығымен мәресіне жетті. Сонымен қатар жаңа асфальт төселіп, қозғалыс қамтамасыз етілді. Оларды таратып нақты айтар болсақ, Өнегеден Бисенге, Сайқыннан Хан ордасына баратын жолға дейін, сондай-ақ Күйгенкөлден Жәнібекке, Казталовтан Ащысай өзені арқылы өтетін көпірге дейін, Ащысайдан әрі қарай тағы 15 шақырымға жол салынды. Жыл басынан бері 32 256 вагон келіп, 2,2 млн қиыршық тас тасымалданды. Қазіргі уақытта инертті материалды тасымалдауға 1 800-ге жуық вагон тартылды.

Аймақтағы тағы бір іргелі жоба Подстепный-Теректі автожолының құрылысы былтыр басталды. Екі шеткі лот бойынша жұмыс жүріп жатыр. Биыл 17 шақырым жол салынды. Аяқтау мерзімі – 2025 жыл.

- Батыс Қазақстан облысында республикалық жолдар құрылысының сапасын бақылау барысында қандай кемшіліктер анықталды, кінәлілерге қандай шара қолданылды?

- Біздің «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚФ қызметкерлері жыл басынан жолдарды 300 рет тексеріп, мыңға жуық сынама алды, оның ішінде 370 сынама талапқа сай келмеді. Осы тексеру барысында 100-ден аса ақаулық анықталып, жауапты мекемелерге 250 ұсынымхат жолданды. Жалпы, кәсіпорнымыздың атауы айтып тұрғандай, біздің ең басты назар аударатын нәрсеміз, ол – сапа мәселесі. Егер мердігерлер өз міндеттемелеріне салдыр-салақ қарамай, барлық жұмысты жауапкершілікпен атқарса, өңір жолдары да сапалы салынар еді. Ол, сайып келгенде, аймақ тұрғындарының сапалы өмір сүруіне, әлеуметтік ахуалының арта түсуіне оң ықпал етер еді. Сондықтан, біз де күні кешегі Президент Жолдауынан оң өзгерістер күтеміз. Жолдауда біздің салаға қатысты өте маңызды өзгерістер туралы айтылды. Соның бірі – ҚР Көлік министрлігінің өз алдына бөлек ведомство ретінде құрылуы. Жолдауда осы министрліктің құрамындағы жол құрылысы саласына зор жауапкершілік жүктеліп отырғаны атап өтілді. Біз, яғни «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК қызметкерлері күнделікті қызметімізде Жолдау жүктеген барлық тапсырмалардың дер кезінде әрі сапалы орындалуына барлық күш-жігерімізді саламыз. Оған барлық жағдай бар. Тек, әрқайсысымызда жақсы жолмен жарқын өмірге қадам бассақ деген ықылас-ниет пен жауапкершілік болуы тиіс деп есептеймін.


- Әңгімеңізге рахмет! Қызметіңізге сәттілік тілейміз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бөкей ордасы мен Жәнібек бағытындағы жол құрылысы 2023 жылы аяқталатынын жазған едік.

Сондай-ақ БҚО-да Бөкей ордасы ауданына апаратын жол құрылысы биыл біте ме – министр жауап берді.


Соңғы жаңалықтар