БҚО жолдарын жөндеуге 36,5 млрд теңге бөлініп отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жолдарды жөндеуге 36,5 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында мәлім етілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, жуырда өңірдің барлық аудандарын аралаған кезде тұрғындардың көтерген басты мәселесі осы жол болды. Сондықтан жол салу мен жөндеуге бірінші кезекте назар аударылуда. Биыл 480 км жол ретке келтірілмекші. Орал қаласының өзінде 67 көшенің жолын жөндеуге 8,3 млрд. теңге жұмсалмақ. Негізгі көшелер ғана емес, қаланың шеткері аудандарына да кезек келді. Тек облыс орталығында жылына кемінде 50 км жол жөндеу қажеттігі туындап отыр. Егер жылына 80-100 км жол жөнделсе, бұл мәселе төрт-бес жылда шешіледі деуге болады. Қазіргі кезде алдағы жылдарға жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Сонымен қатар облыс, аудан орталықтары ғана емес, ауылдарға да жол салынатын болады.

Бүгінгі сессияда мақсатты трансферттер есебінен қосымша бөлінген қаржының 1,5 млрд теңгеден астамы осы жол жөндеуге бағытталмақ.

БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың айтуынша, өңір бюджеті 18,3 млрд теңгеге нақтыланып отыр. Мысалы, денсаулық сақтауға 233 млн теңге бөлінсе, соның ішінде Бөрлі ауданында екі нысан құрылысына қаржы қаралмақ. Білім саласына берілген 1,6 млрд теңге есебінен Қазталов ауданы мен Орал қаласында екі нысанды күрделі жөндеу, Теректі ауданы Сарыөмір ауылында 48 орындық сауықтыру лагерінің құрылысын бастау (30 млн теңге), Жәнібек ауданы Ақоба ауылындағы орта мектептің спорт залына қосымша құрылысты салу (63,1 млн теңге) көзделуде. Сондай-ақ Оралда салынып жатқан 300 орындық №4 орта мектеп құрылысына қосымша 95,1 млн теңге қаралды. Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік саласына 1,1 млрд теңге қарастырылса, соның ішінде Ақжайық ауданында мәдениет нысанын күрделі жөндеуді аяқтау мен Оралда дарынды балаларға арналған спорт-интернаты кешені құрылысын бастауға 120 млн теңге, Теректі және Зеленов аудандарында қос бірдей мәдениет және спорт нысаны құрылыстарын жалғастыруға 249,9 млн теңге берілді. Басқа да салаларға тиісінше қаржы бөлінді.

null 

Соңғы жаңалықтар