Блаттер 2022 жылғы Әлем чемпионатын Катарда өткізу теріс шешім екенін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық футбол қауымдастығы федерациясының (ФИФА) президенті Йозеф Блаттер 2022 жылғы Әлем чемпионатын Катарда өткізу теріс шешім екенін айтты.

Блаттер 2022 жылғы Әлем чемпионатын Катарда өткізу теріс шешім екенін айтты

Блаттер Катар ұйымдастырушы комитетінің мәлімдемесінде жаз мезгілінде елде өте ыстық болатыны жазылғанын, алайда ФИФА атқарушы комитеті 2010 жылы 10 желтоқсанда Цюрихте турнирдің осы елде өтуі үшін дауыс бергенін атап өтті.

- Бұл - бұрыс шешім, - деді Блаттер. - Алайда өмірде мұндай жағдайлар болып тұрады.

Естеріңізге сала кетейік, футбол мамандары чемпионат ұйымдастыру мерзімін 2022 жылдың маусым-шілде айларынан 2022 жылдың қысына немесе 2023 жылға шегеруді ұсынды. Алайда Халықаралық олимпиада комитетінің өкілдері футбол мундиалінің қыста өтуіне қарсы. Олар осы кезде өтетін Олимпиада ойындарының телевизиялық рейтингісін жоғалтқысы келмейді.

Әлем чемпионатын қысқа ауыстыруға Еуропа кәсіби футбол лигаларының қауымдастығы да қарсы шықты. Себебі 2022 жылғы чемпионатты қыс мезгілінде өткізсе, ұлттық чемпионаттарда 8 апталық үзіліс жасауға тура келеді. Маусым ортасындағы мұндай үзіліс клубтар мен олардың демеушілерінің қаржы жағдайына кері әсерін тигізеді.

ФИФА-ның арнайы комиссиясы бүгінде түрлі шешімдерді қарастыруда. Бұл мәселе 2015 жылдың наурызына дейін шешіледі деп күтілуде.