Блаттер Ресейге ӘЧ-2018 өткізу құқығы жасырын келісім арқылы берілгенін айтты
«Ауызша түрде келісілген бұл шешім бойынша дауыс беруде екі ұлы держава - Ресей мен АҚШ-ты таңдайтынымыз шамаланған еді», - деді Блаттер.
Ресей ақыры 2018 жылы футболдан әлем чемпионатын өткізу құқығын иеленді, ал АҚШ мундиальді 2022 жылы өткізгісі келген, бірақ дауыс беру барысында чемпионатты өткізу құқығына Катар ие болды.
«Бұл келісім туралы шешімді шығаруға ФИФА атқарушы комитетінің барлық мүшелері қатысты ма деген сұраққа Блаттер ол атқарушы комитеттің шешімі емес деп жауап берді. «Бұл ешқандай кеңес өткізусіз шығарылған шешім», - деді ол.
Блаттердің айтуынша, УЕФА басшысы Мишель Платини 2022 жылғы әлем чемпионатының иесін анықтау бойынша дауыс беруде Катарды таңдағанда, бұл Американың наразылығын тудырған. Бұған дейін Блаттер әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырылған елдердің «ФИФА-ны құлату науқанына қосылғанын» мәлімдеген.