Білім беру несиесіне кепілдік беру туралы 2023 жылдан бері өтінім түспеген

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда студенттердің оқу ақысын төлеуге арналған банк несиелеріне мемлекеттік кепілдік беру тетігі бар. Алайда кейінгі жылдары бұл жүйе бойынша жаңа кепілдік рәсімделмеген. Бұл туралы «Қаржы орталығы» АҚ Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

документы, компьютер
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

«Қаржы орталығы» – білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы. Ол студенттерге тікелей несие бермейді, банктер ұсынатын білім беру несиелеріне кепілдік береді.

– Сұрау салынған кезеңде Кепілгердің мекенжайына Кредиторлардан кепілдіктер беруге өтінімдер түскен жоқ, соған байланысты 2023 жылдан бастап 2026 жылға дейінгі кезеңде кепілдік міндеттемелер берілмеді, – делінген ресми жауапта.

Орталықтың мәліметінше, кепілдік беру жүйесі бойынша Қазақстан Халық Банкі, ForteBank, Нұрбанк және Bereke Bank-пен келісім жасалған.

Қолданыстағы тәртіп бойынша студент білім беру несиесін алу үшін алдымен банкке жүгінеді. Банк өтінішті қарап, кепілдік алу үшін қажетті құжаттарды орталыққа жолдайды.

Мемлекеттік кепілдік несиенің әрбір берілген бөлігі бойынша негізгі қарыз сомасының 100 пайызын қамтиды. Бірақ айыппұлдар мен өсімпұлдар оған кірмейді. Бұл кепілдік студентті несиені қайтару міндетінен босатпайды.

Кепілдік беру тәртібі Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 27 сәуірдегі №189 және Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 24 қазандағы №320 бұйрықтарымен бекітілген қағидаларға сәйкес реттеледі.

Бұған дейін Үкіметтің 2026–2029 жылдарға арналған халық табысын арттыру жоспарында білім беру несиелеріне кепілдік беру жүйесін жетілдіру көзделгенін жазған едік.