Білім экономикасын дамыту арқылы ЖІӨ екі есе арттыруға болады – ҚСЗИ директоры

Білім экономикасын дамыту арқылы ЖІӨ екі есе арттыруға болады – ҚСЗИ директоры
Фото: kisi.kz

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Президенттің бүгінгі сұхбаты туралы пікір білдіріп, адами капиталды дамытуда жаңа саясат қажеттігін айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Президенттің 2029 жылға қарай ұлттық экономиканы 450 миллиард долларға дейін жеткізіп, екі есе арттыру мақсаты өте шынайы. Сонымен қатар экономиканы монополиясыздандыру, энергетиканы, ауыл шаруашылығын дамыту, жаһандық экономиканың басты тренді ретінде білім экономикасына көшу арқылы жоспарланғанның бәрін дәйекті түрде іске асырсақ, бұл көрсеткіштен де асып түсе аламыз деп санаймын. Голдман Сакс 2050 жылы Қазақстанның триллиондық экономикасына қол жеткізуі туралы айтуда», - дейді Е.Тұқымов.

Бірақ Президент айтқандай, макроэкономикалық көрсеткіштердің өздері де, олардың сапасы да маңызды. Олар Қазақстан азаматтарының әл-ауқатында тікелей көрініс табуы керек. Әйтпесе бұл алдыңғы онжылдықтардағыдай болады – экономика қарқынды өссе де, өсу дамуға көшкен жоқ, орташа азамат ЖІӨ-нің артуын онша сезінбеді.

«Сондықтан жаңа инвестициялық, салықтық, бюджеттік саясат түріндегі өте маңызды бастамалардан бөлек, бізге адами капиталды дамытуда жаңа саясат қажет. Жоғары білікті «ақ және көк жағалылар» болмаса, білім экономикасына өту қиын, тіпті мүмкін емес. Бізге автономды және беделді зерттеу университеттері, сапалы және тең орта білім, ЖІӨ-нің бір пайызынан асатын ғылымға арналған инвестициялар, Астана мен Алматыны қоса әрбір елді мекенде дамыған медицина, салауатты экологиялық орта, шетелде кадрлар даярлау қажет. Егер басымдықтар мен ресурстарды дұрыс белгілеп, жергілікті жерлерде өкілеттік берсек, мұның бәрі іске асады», - деді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар