Білім грантының нәтижесі бүгін шығады: талапкерлер нені білуі керек
АСТАНА. KAZINFORM — 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі бүгін сағат 15:00–де жарияланады. Биыл конкурсқа шамамен 127 мың талапкер қатысып, бакалавриат бағдарламалары бойынша 75 мыңға жуық мемлекеттік білім гранты бөлінді. Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаева Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.
Биыл мемлекеттік білім гранттарының басым бөлігі еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандықтарына берілді. Гранттардың 60 пайызы инженерлік-техникалық бағыттарға, 20 пайызы педагогикалық мамандықтарға, қалған 20 пайызы өзге білім беру бағыттарына бөлінген.
Конкурсқа қатысушылар арасында «Аударма ісі», «Халықаралық қатынастар», «Құқық», «Психология», «Қаржы» және педагогикалық мамандықтарға сұраныс жоғары болды.
Жанна Есінбаеваның айтуынша, биыл конкурсқа қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан.
— Биылғы өтініштер саны былтырмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Бұл ең алдымен мектеп түлектері санының артуына байланысты. Кейбір мамандықтар бойынша бір орынға 47 талапкерге дейін таласты. Ең жоғары бәсеке спорт менеджменті, спорттағы денсаулық және жаттықтырушылар даярлау бағыттарында байқалды. Дәстүрлі түрде құқық пен қаржы мамандықтарына 10-12 адамнан, журналистикаға 7-8 адамнан келіп отыр, — деді Жанна Есінбаева.
Оның айтуынша, мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде еңбек нарығының сұранысы ескеріледі.
— Жыл сайын мемлекеттік білім беру гранттарының санын шығарарда Еңбек министрлігінің болжамына сүйенеміз. Қазіргі таңда техникалық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына сұраныс жоғары. Сондықтан гранттардың 60 пайызы осы бағыттарға бөлінді. Одан кейін педагогикалық мамандықтар, қалған бөлігі өзге салаларға қарастырылды, — деді комитет төрағасының орынбасары.
Конкурс барысында заңнамада көзделген жеңілдік санаттары да ескерілген.
— Мемлекеттік білім беру тапсырысының 57 пайызы квоталық санаттарға беріледі. Оның ішінде ауыл жастарына 35 пайыз квота қарастырылған. Сонымен қатар көпбалалы және толық емес отбасынан шыққан талапкерлерге, мүгедектігі бар азаматтарға, жетім балаларға және қандастарға заңнамаға сәйкес квоталар бөлінеді, — деді Жанна Есінбаева.
Комитет төрағасының орынбасары грант конкурсының нәтижелері бүгін сағат 15:00–де Ғылым және жоғары білім министрлігінің, министр Саясат Нұрбектің Telegram арнасында және Ұлттық тестілеу орталығының ресми ақпараттық ресурстарында жарияланатынын айтты.
Оның айтуынша, грант иегерлері 10-25 тамыз аралығында қажетті құжаттарын жоғары оқу орындарына тапсыруға тиіс. Ал 10-12 тамыз күндері жергілікті атқарушы органдар бөлетін шамамен 2 мың грантқа конкурс өтеді. Бұдан бөлек әлеуметтік қолдауды қажет ететін талапкерлерге арналған гранттар мен жұмыс берушілер ұсынатын білім беру гранттарына да құжат тапсыруға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, бұған дейін, 821 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсеткені жайлы жазған едік.