Білім гранттарының 20%-ы тасқын су басқан өңір талапкерлеріне бөлінеді
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрлігі білім гранттары конкурсына қатысты түсініктеме берді.

«Талапкер негізгі ҰБТ-дан төмен балл жинаса, қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижелерімен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі бар. Осылайша, ең үздік ҰБТ нәтижесімен грант конкурсына қатысуға болады. 2024 жылы жалпы грант санының 20%-ы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне бөлінеді», - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Айта кетсек, тасқын су басқан аймақтардағы түлектерден грант конкурсына құжаттар 13-24 шілде аралығында қабылданады.
Еске сала кетейік, су тасқынынан зардап шеккен өңірлер қатарына Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Атырау облысы, Батыс Қазақстан облысы, СҚО және Қостанай облысы жатады.
Бұған дейін тасқын су басқан 6 өңір түлектері грант конкурсына бұрынғы ҰБТ сертификатымен қатыса алатыны туралы хабарлаған едік.