Білім сапасы мен халықтың денсаулығы әрбір отбасының әл-ауқатын анықтайды - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысының Үштөбе қаласында Құрылтай депутаттары жергілікті тұрғындармен кездесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында айқындалған негізгі міндеттерді талқылады.
7 қарашада Қаратал ауданындағы Кемел Тоқаев атындағы орта мектепте өткен кездесуге депутаттар Дана Медеуова, Гүлназ Атамқұлова, Евгений Больгерт және Әсел Баденова қатысты.
Жиынды ашқан Дана Медеуова Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталып, білім беру, денсаулық сақтау және балаларды қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды.
– Білім сапасы мен халықтың денсаулығы көбіне әрбір отбасының әл-ауқатын анықтайды, ол өз кезегінде еліміздің болашағын айқындайды, – деді депутат.
Ол денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медицина қызметкерлерін қолдау және мемлекеттік бастамалардың тиімділігін нақты нәтижелер арқылы бағалау қажеттігін атап өтті.
Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков өңірдің инфрақұрылымы, өзекті мәселелері мен даму жоспарлары туралы баяндады. Оның айтуынша, Президент Жолдауындағы басымдықтар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де маңызды.
Депутат Гүлназ Атамқұлова экономикалық тұрақтылық, салық саясаты және кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол салық заңнамасы мемлекеттік бюджет кірістерін қалыптастырудың негізгі тетіктерін айқындайтынын, ал жиналған қаражаттың бір бөлігі әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталатынын түсіндірді.
Евгений Больгерт Қазақстанның көлік-логистика саласы мен транзиттік әлеуетін дамыту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, еліміздің географиялық орналасуы Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын ұлғайтуға және Қазақстанның халықаралық саудадағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.
Ал Әсел Баденова жасанды интеллект пен жаңа технологияларды дамытуға назар аударды. Депутат технологиялық мүмкіндіктер кеңейгенімен, адами капитал ел дамуының басты ресурсы болып қала беретінін атап өтті. Ол жасанды интеллектті білім алуға, кәсіби біліктілікті арттыруға және өзін-өзі дамытуға тиімді пайдалану қажеттігін айтты.
Кездесу барысында Үштөбе тұрғындары депутаттарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді көтерді.
Депутаттар азаматтарды ұсыныстары мен өтініштерін жазбаша жолдауға шақырды. Әрбір өтініш қаралып, ресми жауап берілетіні айтылды.
– Депутат ретінде біз сіздермен тұрақты түрде байланыста бола отырып, аталған өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге қатысып, олардың іс жүзінде орындалуын бақылауымыз қажет, – деді Дана Медеуова.
Кездесуде тұрғындармен тұрақты байланыс орнату, көтерілген мәселелерді назарда ұстау және Президент Жолдауындағы міндеттердің орындалуына ықпал ету қажеттігі атап өтілді.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері Президенттің 2026 жылғы Жолдауында белгіленген міндеттерді талқылаған болатын. Кездесуде әлеуметтік-экономикалық даму, халықты әлеуметтік қорғау, энергетика және экология мәселелері қаралды.