Білімді жастардың бәрі шетелге кетсе, Сәтбаевтар қайдан шығады

АСТАНА. KAZINFORM — Жастарға әлеуметтік жағдай жасалуы керек. Kazinform тілшісіне сұхбат берген ардагер мұнайшы дәл осылай деп пікір білдірді.

Білімді жастардың бәрі шетелге кетсе, Сәтбаевтар қайдан шығады - Мұнайшы пікірі
Фото: Марат Балданбаевтың жеке мұрағатынан

- Жас кезімде қызметкерлерге жақсы қолдау көрсетілетін. Бізге үй, жеңіл автокөліктер берілетін. Ол кезде көлік алу өте қиын еді. Қазір көлікпен ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Қазір де әлеуметтік жағдайды жасап жатыр. Сауықтыру орындарына жолдама беріп тұрады. Бірақ жастарды сол жұмыс орнында ұстап қалу үшін үй мәселесін шешу керек. Бұған дейін ипотекалық бағдарламалар жүрді. Бірталай қызметкерлеріміз аз пайызбен үй алды. Кейін бағдарлама тоқтап қалды. Осындай жұмыстарды ары қарай дамытсақ деймін, - дейді Марат Балданбаев.

Білікті маманның айтуынша, жастардың жалақыға көңілі толмайды. Сондықтан көбі жұмыс ауыстырып, кейбірі шетел асып кетіп жатқан көрінеді.

- Қазір пәтер жалдап тұру өте қиын. Жастардың жиі кездесетін мәселесі де осы – үй ғой. Қазір үйдің бағасы аспандап кетті. Осы мәселені алға тартып, талай білімді жастарымыз басқа салаға, тіпті шетелге кетіп қалып жатыр. Мұндай білікті мамандарды жоғалта беретін болсақ, Қаныш Сәтбаевтар қайдан шығады? Сол жастардың ішінен тағы бір Қаныш Сәтбаевтар шығады, емес пе?! Біз шетелге кетіп жатқан жастарды өзімізде ұстап қалуымыз керек. Ол үшін әлеуметтік жағдай жасауымыз қажет, - дейді ардагер мұнайшы.

Дүниежүзіндегі мұнай қорының 2 пайызы Қазақстанда. Ол болашақ үшін де жеткілікті. Бұл туралы Шымкент мұнай өңдеу зауытында 37 жылдан бері жұмыс істейтін ардагер мұнайшы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.