Блогер Қайсар Қамза ісінің қазіргі статусы қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Бас прокуратурасы Вьетнамда жүрген блогер Қайсар Қамзаға қатысты жағдайға түсініктеме берді. Бұған дейін блогер әлеуметтік желіде оқырмандарына бейнеүндеу жолдап, қазіргі жағдайы туралы айтып берген еді.
Ведомствоның редакция сауалына берген жауабында Қазақстан тарапының Вьетнамға Қайсар Қамзаны экстрадициялау туралы ресми сұрау жолдағаны айтылған. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
- Қазіргі уақытта Вьетнам тарапы аталған сұрау бойынша шешім қабылдаған жоқ. Күдіктіге жарияланған іздеу тоқтатылған жоқ, - делінген Бас прокуратураның жауабында.
Бас прокуратура өкілдерінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы 2017 жылғы 15 маусымда жасалған экстрадиция туралы келісімде мұндай сұрауларды қараудың нақты мерзімдері белгіленбеген. Осыған байланысты өтініш Вьетнамның ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады.
Бұған дейін заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Хамзаның ұсталғаны жайлы ақпарат тараған.
Еске сала кетейік, Қазақстан Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының азаматы, 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған Қамза Бақытжанұлына халықаралық іздеу жариялады.