Блогер Қайсар Хамза ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – ІІМ заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Хамзаны ұстады.

Хамза
Фото: instagram.com/qais_arr

– Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Интерпол арналары арқылы Вьетнам Социалистік Республикасының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл нәтижесінде Камрань қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде болған блогер Қ.-ны ұстады, - делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казинолардың жарнамалық бейнематериалдарын жүйелі түрде жариялап, пайдаланушыларды құмар ойындарға тартқан.

Заңсыз әрекеттерінің салдарынан күдікті 100 млн теңгеден астам көлемде заңсыз табыс тапқан. Ақша оның атына тіркелген криптовалюта әмиянына аударылып отырған. Қазіргі уақытта оны Қазақстан Республикасына экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.

– Шетелге жасырыну әрекеттері қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды, іздеуде жүрген әрбір адам ұсталып, Қазақстанға жеткізіледі, - деп хабарлады ІІМ.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының азаматы 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған, Қамза Қайсар Бақытжанұлына халықаралық іздеу жариялағанын хабарлағанбыз.

Сотпен оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.

Соңғы жаңалықтар