Блогерлер шенеуніктердің жақсы жұмысын көрсеткісі келмейді – Әдеп кеңесі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Кәсіпкерлерге «басымды қатырмаңдар» деген Алматы облысының бас санитария дәрігерінің ісін қараған департамент басшысы блогерлер жайлы өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қызметшілердің жасалып жатқан жақсы жағын біздің қоғамдағы азаматтар көргісі келмейді. Тек қана сондай сыни материалдарды, посттарды ғана жариялайды. Бүгінгі күні қоғамда өте осындай сыншылар көбейді. Не істесе де барлық жағдайда міндетті түрде кемшілікті іздей бастайды. Ал мемлекеттік қызметшілердің немесе ауылдық окург әкімдерінің жасап жатқан жақсы істерін олар өздерінің посттарында жарияламайды. Ол туралы айтқылары келмейді. Ол туралы көрсеткісі келмейді»- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы, Алматы облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің төрайымы Ляззат Бейсеқұлова.

Айта кетейік, бүгін Талдықорғанда Алматы облыстық бас санитария дәрігерінің ісі әдеп кеңесінде қаралды.

Кеңес мүшелерінің барлығы Ерғали Сыдымановтың әрекетін талқылап, мемлекеттік қызметші этикасын сақтамағаны үшін «қатаң сөгіс» беруді ұсынды.

Ендігі кезекте бұл ұсынысты Денсаулық сақтау министрі қарайтын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Ерғали Сыдымановтың кәсіпкерлерге «басымды қатырмаңдар» деген бейнежазбасы желіге тарап, әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырған болатын.


Соңғы жаңалықтар
telegram