Блогерлер төлеген салық қалай бақыланады
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлердің салық төлегені не төлемені қалай бақыланатындығын атады.
Ведомство мәліметінше, блогерлерге салықтық бақылау орнатылған. Оның аясында мониторинг тұрақты негізде мынадай бағыттар бойынша жүргізіледі:
- салық органдарында тіркеу мәселелері бойынша;
- кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірісті төмендету мәселелері бойынша іс жүргізу.
Бақылау шаралары барысында әр түрлі ақпарат көздері, оның ішінде мемлекеттік және өзге де органдардың, халықаралық келісімдер аясында шет мемлекеттердің салық қызметтерінің мәліметтері пайдаланылады. Бұдан басқа, мемлекет уәкілетті және өзге де органдарға салықтық әкімшілендіру ауқымында салық органдары үшін қажетті мәліметтерді алуға жәрдемдесу бөлігінде міндет жүктелді. Бұзушылық анықталған жағдайда камералдық бақылау жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша хабарламалар жіберіледі, - деп нақтылайды комитеттен.
Хабарламалар орындалмаған кезде салық органдары салықтық тексерулерді тағайындауға құқылы.
«Жалпы, біз барлық блогерді салық міндеттемелерін уақтылы орындауға шақырамыз. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалуда және салық төлеушілерге салық міндеттемелерін орындаудың әртүрлі ыңғайлы тәсілдері бар», - деді ведомстводан.
Бұған дейін блогерлер 9 айда 1,2 млрд теңге салық төлегенін жазған едік.