«Блогиада - 2014» қазақтілді блогерлер сайысының бас жүлдесіне 1 млн. теңге тігіліп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап "Сапалы контентке - миллион!" атты қазақ блогерлерінің жазба жарысы басталды.

«Блогиада - 2014»  қазақтілді блогерлер сайысының бас жүлдесіне 1 млн. теңге тігіліп отыр

Бұл туралы "Бәйтерек" халықаралық баспасөз клубында өткен брифингте Қазақстан софтерлік компаниялар қауымдастығының президенті Азаматхан Әміртай мәлім етті.

Оның айтуынша, бүгіннен бастап наурыздың 20-сына дейін кез келген блогер сайысқа тіркеле алады. Ал 23 наурызда Қарағанды қаласында өтетін блогерлер құрылтайында ең үздік 32 блогерге жарысты одан әрі жалғастыруға сертификат табысталады. Келесі кезеңге 16 блогер өтеді. Одан кейінгі кезеңде 8 блогер финалдық кезең үшін таласады. Блогиаданың күзде өтетін соңғы кезеңінде ақтық бәсекеге шыққан 4 блогшы өзара жылдың үздігін анықтайды. 2 айдан тұратын әр кезең арасында бір апта үзіліс беріледі.

"Осы блогиаданы ұйымдастырудағы басты мақсатымыз қазақтілді блогерлерімізді қолдау арқылы қазақ интернет саласын белгілі деңгейге көтеру. Қазақша блогтар арқылы жастарға патриоттық сезім, мемлекетшілдік, ұлттық рух дәнегін себу", - деп атап өтті А. Әміртай.

Шараны Қазақстан софтерлік компаниялар және Ұлттық интернет қауымдастықтары бірлесіп ұйымдастырып отыр. Сайыстың бас жүлдесіне 1 млн. теңге тігілген.