«Блогшылар елдің ақпараттық қауіпсіздігіне алаңдайды»-республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 25 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 25 наурыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Сайлаушылардың санасы биік» деген тақырыппен мақала басылды. Онда Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының қазақстандықтардың электоралдық артықшылық берулеріне арналған социологиялық зерттеуінің екінші кезеңінің нәтижелері берілген. Басылымның жазуынша, Қазақстанның барлық өңірлерін тепе-тең қамтыған 1500 респонденттің сауалнамасы 14-20 наурыз аралығында өткізілген. Сайлау учаскелеріне келу жайындағы сұраққа берілген жауаптардың салыстырмалы талдамасы сайлаушылар белсенділігінің артып отырғандығын айғақтайды. Қазірде респонденттердің 75,8 пайызы сайлау күні сайлау учаскесіне келуді нық ұйғарған. Тағы 15,3 пайызы дауыс беруге қатысуға бейім. Осылайша, сайлаушылардың 90 пайызы биік сана деңгейін танытып, алдағы сайлауда өздерінің азаматтық борышын орындауға әзір екендігін айтуда.
Осы басылымның хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаевқа халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, жаһандық өркениеттер үнқатысуын орнықтыруда әлем жұртшылығының күш-жігерін біріктіруге қосқан үлесі үшін «Өркениеттер үнқатысуы» Халықаралық қоғамдық форумының сыйлығы тапсырылды. Бұл сыйлықты Ақордадағы қабылдау кезінде «Ресей темір жолдары» ААҚ президенті Владимир Якунин тапсырған. Ақпараттық материал «Халықаралық сыйлық тапсырылды» деген тақырыппен беріліп отыр.
***
«Күйбеңі көп Көлтабан мәселелері қашан шешіледі?». «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде осындай тақырыппен берілген мақаладаАқсу ауданындағы Қызылағашта былтыр болған су тасқыны жайпап өтпесе де, біраз күн жайылып, жатып алған ауылдардың бірі - Көлтабанның қазіргі жағдайы баяндалған «Ондағы жұрт та орнынан қопарыла көшіп, біраз уақыт басқа елді мекендерді паналаған болатын. Кейіннен су кеткен соң ауылдарына оралып, күйбең тірліктеріне қайта кіріскендердің жоғарыға айтар арыз-шағымдары жетіп-артылады екен», - делінген мақалада.
«Айқын» газетінің жазуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 300-ге тарта белсенді қазақтілді блогшы бар. Бір өкініштісі, қазақша блогтар әлі де коммерциялық жоба ретінде дамымай отыр. Оның үстіне, азаматтық журналистика өкілдері ғаламтордағы «күнделіктерін» шетелдік, оның ішінде америкалық және ресейлік блог-платформаларда жүргізуге мәжбүр. Ақпараттық қауіпсіздікпен үндес осы және өзге де өзекті мәселелер ел тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған Блогшылар құрылтайында жан-жақты талқыланды. Бұл жайлы толық мағлұматты газеттің бүгінгі нөміріндегі «Блогшылар елдің ақпараттық қауіпсіздігіне алаңдайды» деген мақаладан білуге болады.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Сыбайлас жемқорлықпен еуропаша күресетін болдық» деген тақырыппен мақала басылды. Онда кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өткен үкімет отырысында 2015 жылға дейінгі жемқорлыққа қарсы күрес салалық бағдарламасының қабылданғаны жазылған. «Агенттік төрағасы «Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу және қорғау механизмдері, сонымен қатар мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін басшылардың жауапкершілігін бекіту тетіктері әзірленетін болады» - деп отырған бұл бағдарламаның тағы бір ерекшелігі - экономикалық қылмыс жасаған адам мемлекетке келтірген залалды өз еркімен өтейтін болса, онда оған бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмайтын болады», - делінген мақалада.
Сонымен қатар «Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат» айдарында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы Күләш Шамшидиновадан алынған сұхбат жарияланды. Басылым тілшісінің сұрақтарына тұщымды жауап берген К. Шамшидинова: «Әлемнің зиялы һәм білімді ғалымдары «екінші Аристотель» деп атаған Әл Фараби бабамыз : «Тәрбиесіз берген білім құмға сіңген сумен тең» деген екен. Ендеше білімнің құзыреті білім берумен қатар, тәрбиеге де зор тәуелді болмақ. Сондықтан да, әлемдік деңгейде сапалы білім берумен қатар, тағылымды тәрбиені ұштастырып жүргізгенде ғана бұл бағыттағы жұмысымыздың нәтижесі жемісін береді деп ойлаймын. Біз өскелең өрендерге сондай тәрбиені ең бірінші кезекте елдік тұрғыдан беруі¬міз қажет. Бұдан бөлек бала тәрбиесіне ата-ана да, ұстаз да жауапты екенін ұмытпайық, ағайын», - дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуыншаМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Алматыдағы резиденциясында қала әкімі Ахметжан Есімовті қабылдады. А.Есімов Президентті мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, көлік инфрақұрылымын дамыту, қаланың индустриялық жобаларын іске асыру, таяуда болып өткен VII Қысқы Азия ойындары қарсаңында тұрғызылған Алматының спорттық инфрақұрылымын дамыту туралы хабардар етті. Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне бірқатар тапсырма берді.