Bloomberg электромобильдердің салдарынан мұнай бағасы одан әрі құлдырайтынына болжам жасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы мұнай бағасы төмен болса да, бүкіл әлемде электромобильдер сату көлемі 60 пайызға өсті, деп хабарлады Bloomberg агенттігі.
Егер өсімнің осындай қарқыны сақталатын болса, 2023 жылға қарай мұнайға сұраныстың құлдырауы күніне 2 миллион баррель болмақ.
Таяудағы екі жыл ішінде Tesla және Chevrolet 200 мильге дейін (322 шақырымға тең) жүру ресурсы бар электромобильдер сатуды күрт арттыруды жоспарлауда. Мұндай машиналардың орташа бағасы 30 мың долларға дейін төмендейтін болады, бұл әлеуетті клиенттер базасын елеулі кеңейтуге мүмкіндік бермек.
Электр двигательді автомобильдер өндірісіне сондай-ақ Ford, Volkswagen, Nissan және BMW сияқты компаниялар да миллиардтаған доллар инвестициялауда. Автомобиль өндірушілерден басқа осы нарықтағы мүмкіндіктерге Apple мен Google де көз салып отыр. .
Бұл үрдіс мұнай нарықтары үшін проблемаға айналуы мүмкін. ОПЕК 2040 жылға дейін электромобильдер автомобильдер сатылымының әлемдік көлемінде 1 пайызды ғана құрайды деген уәж айтуда. Электромобильдер нарығына Exxon компаниясы да сенімсіздікпен қарап отыр.
Мұнай бағаларының құлдырауы ұзақмерзімді трендке айналды: егер өткен жылғы ақпан айында Brent мұнайының баррелі 60 доллардан асқан болса, ағымдағы жылғы 24 ақпанда қара алтын барреліне 33 доллар деңгейінде сатылуда.