Боао Азия форумы: Қандай мәселелер көтерілді
Даму игілігі үшін ынтымақтастық пен ашықтық
Биыл Боао Азия форумы «Белгісіздіктегі әлем: сын-қатер алдындағы ынтымақтастық пен ниеттестік, даму үшін ашықтық пен инклюзив» ұранымен ұйымдастырылды. Індет тараған үш жылдан кейін алғаш рет 2023 жылы Боао Азия форумының жыл сайын өтетін конференциясы толықтай офлайн-режимде қайта жанданды.

«Бірнеше отырыстан кейін қазіргі уақытта видеоконференция өте қарқынды дамып, қолайлы болғанына қарамастан бетпе-бет жүздесуге деген ортақ ниет пайда болды. Өйткені, ол қалай болғанда да жүзбе-жүз кездесудің орнын баса алмайды», - деп пікірімен бөлісті Боао Азия форумының бас хатшысы Ли Баодун.
Әдеттегідей, форум наурыздың 28-31 күндері 3 күнге жалғасты. Офлайн форматтағы жиынға шамамен 2 мың делегат, оның ішінде бүкіл әлемнен 100-ден астам саясаткерлер мен Үкімет мүшелері қатысты.
Азияны дамытуға қатысты қандай идеялар айтылды
Форумның ашылу салтанатына Қытай Халық Республикасы, Сингапур, Малайзия, Испания және Кот-д’Ивуар Үкіметтерінің басшылары, Халықаралық валюта қорының директор-әкімшісі қатысып, сөз сөйледі. Сонымен қатар көптеген жетекші саясаткерлер, бизнес пен ғылыми орта өкілдері Боао Азия форумы аясында ұйымдастырылған ондаған сессияда өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Сондай-ақ алқалы жиын қатысушылары Азияны дамытуға қатысты маңызды идеялар ұсынды. Мәселен, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян болашақта Азияның қарыштап дамуына қол жеткізу үшін аласапыран мен соғыстар туындатпау қажеттігін баса айтты. Оның атап өтуінше, Қытай реформалар мен ашықтық, сонымен қатар инновациялар есебінен даму саясатын қатаң ұстанады.
«Қытай әлемдік экономиканың өміршеңдігіне жаңа серпін ғана беріп қоймай, сонымен бірге әлемнің барлық еліне дамудың мүмкіндіктері мен дивиденттерін бөлісугк мүмкіндік береді», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Қытай Үкіметінің басшысы Азияда өсімнің барынша өміршең орталықтарын бірлесіп құруға, әлемдік экономикаға мол айқындық пен қалыпқа келуі үшін жағдай-жасауға күш-жігер жұмсауға шақырды.

Халықаралық валюта қорының директор-әкімшісі Кристалина Георгиева Боао Азия форумы алаңында сөйлеген сөзінде Азия өсім драйвері болып қала беретіндігін баса айтты. Қытай мен Үндістанның жаһандық өсімге үлесі 50 пайызды құрайтындығын атап өтті. Сонымен бірге ол климаттың өзгеруі халқы өте тығыз орналасқан Азия үшін үлкен проблема саналатындығын ескертті.
«Экономикалық өсім мен жұмыспен қамту үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Оларды «жасыл» экономикаға көшуді ілгерлету есебінен қамтамасыз етуге болар еді», - деді спикер.

Ал Сингапур Премьер-Министрі Ли Сянь Лун індет салдары, геосаяси жанжал және қытай мен америкалық қарым-қатынастың қазіргі жағдайы өңірге де, әлемге де ықпал ететіндігін атап өтті. Осы орайда ол күнделікті проблемаларды шешу, Қытай мен Азия елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты дамытуды жалғастыру, олардың арасындағы интеграциялық ынтымақтастықты нығайту, Азия елдерінің Еуропамен және әлемнің басқа да мемлекеттерімен байланыстарын күшейту үшін Азия елдеріне ынтымақтастықты нығайтуды ұсынды.
Малайзия Премьер-Министрі Анвар Ибрагим Азия геосаяси және геоэкономикалық бәсекелестіктен жалтара алмайтындығын бас айтты. Оның пайымынша, бәсекелестік ошағы шикізаттың тауарлар мен ресурстардан алдыңғы қатарлы ғылым мен технология саласына қарай ойысты. Осы орайда ол бәсекелестік ғылым мен технология салаларындағы бөлшектенуге алып келмеуі тиістігін атап өтті. Өйткені, мұндай жайт шығынның күрт артына алып келіп, мұнан ары дамуға тежеу болады.
Форумда қандай мәселелер талқыға түсті
Конференция барысында делегаттар 4 саланы қамтитын маңызды мәселелерді жан-жақты талқыға салды. Инфляция мәселесіне қатысты форум қатысушылары қазіргі уақытта әлемдік экономика үлкен сын-тегеуірінмен бетпе-бет келіп отырғанын және де инфляцияны бақылаудың, контржаһандану тенденциясымен күрестің аса маңыздылығын атап өтті. Экономикасы дамыған елдер тек қана жүйелік тәуекелдерге ғана емес, сонымен бірге оның теріс ықпалы болатындықтан пайыздық мөлшерлемелерді арттыру процесінде сақтық танытуы қажет. Өндірістік тізбек пен жеткілім тізбегіне қатысты мәселеге келер болсақ, конференция қатысушылары жаһандық және азиялық жеткілім тізбегінің қайта құрылымдалуына қарамастан Қытай әлемдік өнеркәсіп орталығы болып қала береді деген ортақ пікірге келді. Ал компаниялар здерінің стратегияларын түзетіп, ірі клиенттер және ірі жобалар стратегиясы сынды жаңа модельдер қабылдау қажет.

Фото: © Sean Pavone/shutterstock.com
Көміртегі бейтараптығы және таза энергия мәселесіне келгенде сарапшылар оған қол жеткізу үшін көміртегі мүлдем жоқ энергия жүйесіне ие болу керектігін атап өтті. Ал оған энергия тұрақты түрде берілуі үшін жинақтау мүмкіндігі бар жел энергетикасын пайдалану арқылы қол жеткізуге болатындығын атап өтті. Сонымен қатар сарапшылар сутегі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін маңызды шешім болатындығына, таяу үш жылдың ішінде «жасыл» сутегі дәстүрлі энергия көздерімен салыстырғанда бәсекеге қабілетті болатындығы күтілетіндігіне назар аудартты.

Цифрлық экономика мәселесінде сарапшылар бұл саланы дамытудың басты үш элементі бар екендігіне тоқталды. Олар: иинфрақұрылымды дамыту, деректерді индустриаландыру және өнеркәсіптегі деректерді индустриаландыру.
БАФ Азия мен Еуропада кездесулер өткізеді
Боао Азия форумының бас хатшысы Ли Баодун конференцияда маңызды оң нәтижелерге қол жеткізіліп, әлемдік экономиканы қалпына келтіру және тұрақты дамытуға жәрдемдесуге қатысты ұсыныстар мен идеялар айтылғанын мәлім етті.
Оның атап өтуінше, барлық тарап адамзат баласы індет, өңірлік жанжал, дамудағы теңгерімсіздік және климаттың өзгеруі сынды көптеген проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанына және әлемдегі ахуал тұрақсыздық пен айқынсыздыққа толы екендігіне келісті.

Оның атап өтуінше, жыл соңына дейін БАФ Азия елдерінде, Еуропада, сонымен қатар әлемнің өзге де елдерінде бірқатар тақырыптық кездесу өткізеді.
«БАФ – бұл Азиядағы халықаралық ұйым, бизнес пен Үкімет арасындағы диалог үшін маңызды тұғырнама», - деді ол.
Боао Азия форумы
Боао Азия форумы 2001 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның құрылуына форумға мүше 29 мемлекет, оның ішінде Қазақстан да бастамашы болған.

Естеріңізге сала кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылы БАФ-тың жыл сайынғы кездесуі тоқтатылып, 2021 жылы өткізілді. Бұған дейін БАФ жыл сайынғы іс-шарасы тек 2003 жылы, ҚХР-да атипиялық пневмания өршіп тұрған кезде тоқтатылып, қарашаға ауыстырылды.

2022 жылы БАФ отырысы тарихта алғаш рет жабық жүйеде өтті. Барлық форум қатысушылары оқшауланған қонақүйлерден БАФ конференциясы өтетін жерге жеткізілді.