Боб Диланның гитараcы 965 мың долларға сатылды
АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Аты аңызға айналған америкалық музыкант Боб Диланның гитараcы бәссаудада 965 мың АҚШ долларына сатылды, деп хабарлайды шетелдік БАҚ.
Өзіндік тарихы бар аспап басында жарты миллионға бағаланған еді. 1965 жылғы 25 шілдеде Дилан Нью-Порттегі фестивальге акустикалық гитарасының орнына осы электрлі аспабын алып шығады. Жұрт мұны күтпесе керек, ысқырып, шулап, музыкантты сахнадан қуып жіберген. Осы оқиғадан соң көп уақыт гитарасын тартпаған музыкант оны бірде жеке ұшақ ішінде ұмытып қалдырып кеткен. Содан аспап жарты ғасыр осы ұшақ ұшқышының үйінде жатқан. Ал 2011 жылы ұшқыштың қызы аспапты сарапшыларға апарғанда олар бұның шынында да Диланның гитарасыы екенін растайды. Саудаға гитарамен қатар оның қаптамасы ішінен табылған ән мәтіндері де қойылған.